Маша мен Аю мультфильмі қалай пайда болды?

Маша мен Аю туралы ақпарат

Маша мен Аю мультфильмінің идеясы

Маша мен Аю мультипликациялық сериал соңғы үш-төрт жылда көп балалардың көзайымына айналып үлгерген. Бұл мультфильмді ресейлің «Анимаккорд» студиясы орыс ертегілерінің желісімен түсірген. Ең алғаш «Россия 1» және «Карусель» арналарынан көрсетілген туынды, кейін Франция, Швейцария, Канада елдерінде жол тартқан. Балалардың сүйікті кейіпкеріне арналған Машаның дүниеге келуінің өзі қызық болған көрінеді.

Ұшқалақ, еркін, ерке, бірбеткей, айтқанынан қайтпайтын қайсар Машаны дүниеге әкелген режиссер, продюсер Олег Кузовков басылымдарға берген бір сұхбатында: «Шындығына келгенде, бұл идеяның дүниеге келгеніне 12 жыл болды. Мұндай мультфильм түсіру туралы ой Қырымда демалып келгеннен кейін пайда болды. Жағажайда демалып жатып, кішкентай тентек бір қызды көрдім. Оның әсіресе өзін тәуелсіз, еркін ұстанғаны маған ұнады. 

Тентек қыз біреу тамақ ішіп жатса, рұқсатсыз-ақ жанына келіп, тауықтың бір аяғын алып жей бастайтын. Екі күннен соң жағажайда жатқан жұрттың барлығы бұл қыздан зәрезап болды. Осы қыздың ұшқалақ, тынымсыз мінезін мультфильміме арқау еткім келді», — дейді.

Маша мен Аю мультфильмі туралы ақпарат
Islam-Today.ru

Маша мен Аю мультфильмінің актерлері

Ал балалардың сүйікті кейіпкеріне айналған Машаны алты жасар кішкентай бүлдіршін Алина Кукушкина дыбыстаған екен. «Ол кезде бұл мультфильмнің осыншалықты ауқымды жоба болатынын білген жоқпыз. Тек кастингке қатысудың өзі бізге қызық көрінді», — дейді Алинаның анасы Ирина Кукушкина. Ал мультфильмнің дыбыс режиссері Борис Кутневич Алинаның зеректігін мақтап: «Әлі есімде, бізге кастингке ең алғаш Алина келген болатын. Бірақ бәрібір айналып келіп Алинаға тоқталдық. Өйткені оның ішкі жан дүниесі, мінез-құлқы Машаға ұқсайтын. Жасының кішілігіне қарамастан, бәрін тез ұғып ала қоятын пысық еді. Оның мінезінің ұқсастығы да жұмысты оңай алып кетуге көмектесті», — дейді. Мультфильм жарыққа шыққаннан кейін Алинаның танымалдылығы тіптен арта түседі. 

chemodanov-production.ru

Оны танитындар барған жерінде Машаның даусын салып беруді өтініп сұрайтын көрінеді. Тіпті оны концерттерге, конкурстарға жүргізушілікке жиі шақыратын болыпты. Ол өзінің басылымдарға берген сұхбаттарында: «Бәрі мені Машаға ұқсатады. Тіпті «сенің айнымаған көшірмең ғой» деп таңғалып жатады. Бірақ, шындығында келгенде, Маша – менен бұрын дүниеге келген кейіпкер. 

1996 жылы режиссер Олег Кузовков Қырымда теңіз жағасында демалып жатып, — 2-3 жасар кішкентай қызды көреді. Оның тынымсыздығы соншалықты – айналасындағы адамдардың тыныштығын бұзып, әке-шешесінің демалуына мұрша бермейді екен. Міне, нағыз Маша сол қыздың бейнесінен алған. Бірақ біздің мінездерімізде ұқсастықтар бар. Мен де Маша секілді тентекпін», — дейді ол күліп.

https://iz.ru

Қызықты деректер

Ал аюды дыбыстайтын адам студия ішінен-ақ табылыпты. Бұл жөнінде аюдың даусын дыбыстаған дыбыс режиссері Борис Кутневич: «Аюдың даусын дыбыстайтын уақыт келген кезде біз әртүрлі актерлерді шақырдық. Бірақ оларға ойымыздағы кейіпкердің мінез-құлқын барынша айтып түсіндіргенімізбен, ештеңе шықпады. Олар қалай тырысып бақса да, әйтеуір, бір нәрсе жетіспейтін еді. Бірде мен актердің дыбыстағанына шыдай алмай, өзім көрсеттім. Дауы пен кейіпкердің үйлесімділігін байқап қалған көркемдік жетекшіміз сонда маған: «Қанеки, микрофонға жақында», — деп, іздегенін тапқанға қуанған еді. Мінеки, сөйтіп, аюды аяқ асты дыбыстадым».

Өте қажетті кезде немесе шыдамы жетпей кеткен кездерде болмаса, аю мультфильмде көп сөйлемейді. Бұл туралы дыбыстаушы Борис: «Әр жаңа серия сайын біздің аз-аздан даусымыз шыға бастайды. Негізі, мен үшін аю – Чарли Чаплин секілді кейіпкер: көп козғалады, бірақ сөйлемейді», — дейді ол.