Ганс Христиан Андерсен 1805 жылы Данияның Оденсе қаласында дүниеге келген. Ол балалық шағын мұңайып еске алатын. Өйткені қатарластары секілді тойына тамақ ішіп, киер киімге жарымаған оның балалық шағы жоқшылықпен, кедейшілікпен өткен еді. Әкесі – етікші, ал анасы Анна Мари Андерсдаттер кір жуушы болып жұмыс істейтін. Анасы ұлының болашақта тігінші болғанын қалап, оған инемен, қайшымен жұмыс істеуді, тігін тігуді, киім пішуді үйретсе, әкесі ұлының етікші немесе ағаш шебері болғанын қалайтын.
Оған әкесінің ертегілерін тыңдаудан артық қызық жоқ еді
Әкесі қолдан ойыншық жасап, ән айтқанды, ұлына шығыстың ертегілерін, әсіресе «Мың бір түнді» оқып бергенді жақсы көретін. Тіпті кейде әкесі екеуі дат драматургы Гольбергтің комедиялық шығармаларының кейбір тұстарын сахналайтын. Кішкентай Андерсен үшін әкесінің ертегілерін тыңдаудан асқан қызық жоқ еді. Сондықтан ол өмірінің соңында «Мені ертегіші еткен әкемнің әндері мен керемет әңгімелері еді» деген екен.
Ганс Христиан Андерсен әріпті он жасында таныған
Сондай-ақ Андерсен театрды ерекше жақсы көретін. Әсіресе бала кезінде Копенгагеннен келген трупанның «Абеллино» қойылымын ерекше қызыға тамашалаушы еді. Соның әсерінен арыла алмай, талай рет ағаштан қуыршақ ойып жасап, оларға арнайы костюм тігіп, өзі ойдан шығарған ертегі желісі бойынша пьеса құрастыратын. Осылайша ол күн сайын ғажайып әлемнің қызықтарына бататын.
Бір қызығы, Андерсен бастауыш сыныпты бітірмеген. Ол мұғалімнен естіген алғашқы сөгістен кейін-ақ оқудан шығып кетеді. Сондықтан ол он жасында әріп танып, жазуды үйренген. Есесіне Шекспирдің «Макбет» шығармасындағы үзінділерден өзінше қойылым жасап, 11 жасында ағылшын ақынының бір томдық кітабын сыйлыққа алады. Өкінішке орай, Андерсен бақытты балалық шағымен ерте қоштасады. Кенеттен қайтыс болған әкесінің қазасы балаға ауыр соққы болып тиеді. Анасына қолғабыс көрсету үшін жұмыс іздеуге мәжбүр болады. Ол алғашында тоқымашының, одан соң тігіншінің көмекшісі болып, кейіннен темекі фабрикасында жұмыс істейді. Одан соң Оденсе қаласына қойылымдарымен таныс болып жүрген копенгагендік театр труппасына әртіс болып жұмысқа орналасады. Сол кезден бастап Ганс өзінің театр өнеріне қабілеті барын байқайды.
Атақты болуға ұмтылған Андерсен
1819 жылы, яғни 14 жасқа толғанда Андерсен Копенгаген қаласына аттанады. «Не үшін кетіп бара жатырсың?» — деп уайымдаған анасына Андерсен: «Атақты болу үшін!» — деп сенімді жауап беріпті. Оның бұлай жауап беруіне, бәлкім, мына бір оқиға себеп болған шығар. Қалтасында соқыр тиыны жоқ Андерсен бірде сыған әйелге алақанын жайып, бал ашып беруін өтінеді. Сонда әлгі балгер: «Сенің жұлдызың жағатын күн әлі алда, Сені әлем танып, даңқың аспандайтын болады!» деген екен. Расында да, оның есімін таңғажайып қызықты ертегілері әлемге танытты.
Копенгагенге келгеннен кейін оның жолы болып, қамқоршылар табылады. Әлемдің поэзия мен драматургияға бар ынтасымен берілген ол балет мектебінде оқиды. Неміс, дат тілдерінде тегін сабақ алады. Бір күн тоқ, бір күн аш жүргеніне қарамастан, Ганс әрдайым бірнәрсені жазып, еңбектеніп жүруші еді. Ол қатарластарынан өлең-тақпақ құрастырып, оқиға сюжетін қисынға келтіріп айтуымен ерекшеленетін. Қимылы ебедейсіз, арық бала әңгіме айтқанда тыңдаушысын елітіп, ұйытып әкететін.
Жас жазушының бұл қасиеті кәдімгі табыс көзіне айналды десе болады. Алайда күндердің бірінде актер Линдгреннің: «Сіз өте сезімтал жан болғаныңызбен, сізден әртіс шықпайды» деген сөзін үмітін су сепкендей басады. Осы сөзге ренжіген ол «Виссенберг қарақшылары» трагедиясын жазуды қолға алады. Оның бірінші бөлімі «Арфа» газетіне жарияланып, алғашқы қаламақысын алады. Бұл оны одан әрі шабыттандырып, «Альфсоль» трагедиясын жазуға ықпал етеді. Осы кезден бастап копенгагендік белгілі тұлғалар оған көңіл аударып, король театрына қабылданады. Театр директор Коллиннің ықпалымен патшалық стипендияға ілігіп, 1822 жылы Слагельс қаласына аттанады. Одан соң Эльсинордағы мектепте оқиды. Бір қызығы, Ганс 1827 жылы оқуын бітіргенімен, сауатты жазуды меңгере алмапты.
Ганс Христиан Андерсен соңғы ертегісін жаңа жыл мерекесінде жазған
1829 жылы жарық көрген «Холмен каналынан Амагердің шығысына дейін жаяу саяхат» атты фантастикалық әңгімелер жинағы Андерсенге атақ-даңқ әкеледі. 1833 жылы корольдің берген жәрдемақысына Ганс өмірінде бірінші рет шетелге саяхат жасайды. Бұл саяхат оның көптеген әдеби туындыларды дүниеге әкелуіне ықпал етеді. Соның ішінде оның даңқын шығарған. 1835 жылы жарық көрнен «Ертегілер» атты жинағы еді. Андерсеннің ертегілерінің халыққа қызықты болғандығы сондай – күннен-күнге сұраныс көбейе түседі. Сондықтан «Ертегілер» қайта басылып шығады. Жазушының талантын дәлелдеген тағы бір туынды – «Суреттері бар суретсіз кітабы» еді.
Ал 1840 жылдың екінші жартысында ол бірнеше романдар мен пьсалар жариялайды. Ганс Андерсеннің құрастырған ертегілері кез келген баланы ғана, үлкендердің өзін баурап алатын. Осы қасиетіне қарай кейбіреулер оны «сиқыршы» деп те атады. Соңғы ертегісін ол 1872 жылы Жаңа жыл мерекесінде жазады. 1875 жылдың 4 тамызында жазушы қайтыс болып, денесі Копенгагендегі «Ассистенс» мазарына жерленеді. Атақты ертегіші өмірінің соңына дейін отбасы құрып, бала сүймеген екен.
Андерсеннің ертегілері кино, мультфильм, опера ретінде көрсетіліп, жер жүзіне тараған.