Майкл Джексон музыка әлеміндегі жарық жұлдыз

Майкл Джексон музыка әлеміндегі жарық жұлдыз

Майкл Джексон балалық шағы

Майкл  Джексон 1958 жылы 29 тамызда Американың Гари қаласындағы (Индиана штаттында) Джозеф пен Кэтрин Джексон отбасында дүниеге келген. Тоғыз баланың ішіндегі  жетінші болды. Болашақ жұлдыздың балалық шағын бақытты деп атауға болмайды. Кейінірек әкесі бірнеше рет балаға моральдық және физикалық түрде қысым жасайды. 

1966 жылдан бастап 1968 жылға дейін тобы Midwest-ке сапарға шықты. 1969 жылы Motown Records жазба студиясымен келісімшартқа отырды. Бұл компаниямен артистер кейінгі жылдары танымал болған хиттарын шығарды.1970 жылы музыкалық отбасы ұлттық деңгейге жетіп үлгерді. Алғашқы бірнеше синглы американдық Billboard Hot 100-нің ең жоғарғы тізбегінде байқалды. 1973 жылдан бастап команданың табысы біртіндеп жоғалып кетті. Ансамбль «The Jakson» деп аталып басқа компаниямен келісімшартқа отыруға мәжбүр болды. 1984 жылға дейін топ тағы 6 альбом шығарып, олармен бірге елге саяхат жасады.

Майкл Джексон Jaskson 5 тобымен
https://24smi.org

Майкл Джексон және музыка әлемі

Майкл музыка әлеміне дарынды жас орындаушы әрі сәнді биші ретінде қадам басты. Оның орындауындағы әндер бірінен кейін бірі хитке айналып, сатылым тираждары миллиондап артып жатты. 1979 жылы жарық көрген “Off the Wall” атты альбомнан кейін 1982 жылы 30 қарашада тыңдарманына жол тартқан “Thriller” де жинаққа енген тоғыз әнмен әлемді мойындатты. 

“Rock With You” 20 миллионнан астам тиражбен таралса, “Thriller” әлем музыка тарихына сатылымы ең көп альбом ретінде еніп, шоу-бизнес ұғымын жаңа сатыға көтерді. Альбомның жалпы бюджеті 750 000 долларды құрады. Сыншылар Полл Маккартнимен бірге орындаған “The Girl Is Mine” әнін сынға алып, бұл альбом аса танымал бола қоймайды деп баға бергенімен, ондағы екінші сингл “Billie Jean” Джексоннің әншілік жолындағы ең мықты хит болып қалды. 

Сонымен қатар, бұл шығармасы оған алғашқы Грэмми жүлдесін алып берген болатын. “Thriller” альбомы “Billboard Hot 200” атты америкалық поп –чарт құрамынан екі жылдан астам уақыт бойы шықпады. Ал чарттың басынан 9 айдай түспей тұрды, бұл дегеніміз —  37 апта,яғни қатарынан 37 рет өзгелерден оқ бойы озық болу.

Ең,Ең,Ең...

Майкл Джексон – Гиннес рекордтар кітабына бір емес, 25 рет тіркелген жарық жұлдыз. Ол 11 жасында Америка чартының шыңына шыққан ең жас орындаушы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына тіркелсе, 1979 жылы бір уақытта “Off the Wall” альбомының төрт да рекорд жасайды. 1989 жылы 100 миллионнан астам доллар табыс тауып, көпшілікті мойындатса, “Pepsi” компаниясының 4 жарнамасына түсіп, 12 миллион доллармен тағы рекордсмен атанады.

 Майклге көп жеңіс сыйлаған – “Thriller” альбомы әлемдегі ең өтімді әнжинақ болғаны үшін,сондай-ақ оның 37 апта бойы чарттың бірінші орнынан түспегені үшін, тағы да “Thriller” альбомының жеті композициясы “Үздік ондыққа” кіргені үшін, “Грэмми” жүлдесімен марапаттау кезінде ең көп жүлде – бірден сегіз “Грэмми” жүлдесі мен жеті “American Music Awards” жеңіп алғаны үшін әншінің есімін Гиннестің рекордтар кітабына қайта-қайта енгізеді.

Майклдің "Айлы жүрісі"

1983 жылы “Motown”- ның 25 жылдығына орай өткізілген концертте “Billie Jean” әнін орындау барысында Майкл өзінің  Айлы жүріс би қимылын алғаш көрерменге ұсынды. Содан бері бұл би қимылы Майклдың көзіріне айналды. 1988 жылы “Doubleday” баспасы “Айлы жүріс” атты автобиографиялық кітап басып шығарды. Майкл Джексонның жақсы досы Жаклин Кеннедидің айтуымен жазылған әншінің өмірбаяны бірнеше айдың ішінде 450 мың данамен сатылып, ең өтімді кітаптар қатарын толықтырды.

Майкл ағару үшін ота жасаған жоқ

“Адамдар мен туралы бәрін білемін деп ойлайды,ал , меніңше олар қателеседі” деген Майкл талай рет халықтан жел сөз таратпауларын сұраған-ды. Ол өзі туралы айтылған  өсектерге реніш білдіріп, әндерінде: “Мені айыптамас бұрын, мені ұнатып көріңіздер. Қолдарыңызды жүректеріңіздің тұсына қойып, менің балалық шағым туралы бірдеңе біле ме екенсіздер, соны ойлап көріңіздер”, — дейді. 1993 жылы Опра Уинфриге берген сұхбатында әнші терісін ағарту үшін ешқандай да операция жасамағанын, витилиго (терінің біртіндеп ағаруы) ауруымен ауыратының,соның салдарынан халық алдына шыққанда косметиканың көмегіне жүгінетінін айтты. Ол өмірінде тек екі рет қана – бірінде сынған мұрнына, екіншісінде иегіне операция жасатқанын айтады.

https://24smi.org

Ислам дінін қабылдады ма?

2008 жылдың 21 қарашасында британдық The Sun газеті “Майкл Джексон Лос-Анджелесте сазгер Стив Торкароның үйінде болғанда Ислам дінін қабылдап, есімін Микаэль деп өзгертті” деген ақпарат таралды. Алайда Майклдың өзі оны растаған жоқ. Сондай-ақ оның адвокаты Лонделл Макмиллиан журналистерге бұл ақпараттың негізсіз екенін айтқан еді. Ал 2013 жылдары интернетте Майкл Джексонның үлкен ағасы Джермейн Джексонның Марокко жерінде “Мавазин” халықаралық музыка байқауында сөз сөйлеп, онда “Майкл өмірден өтерден біраз бұрын Исламға жақындай түсіп еді. 

Сауд Арабиясынан келгенімде Майклге ислам дініне қатысты алты кітап әкеліп бердім. Ол оның бәрін мұқият оқып шықты. Бүгінде бауырым мен оның балаларының жанында болған тәрбиеші, көмекшілерінің бәрі осы дінге өткен. Майкл да Ислам дінін қабылдаған деп ойлаймын , жоқ дегенде , ол исламға жүрегімен сенген болар…” деген ойымен бөліскен еді. Джермейн Джексонның өзі ислам дінін 1989 жылы қабылдаған.

Майкл Джексон туралы ақпарат
playbuzz.com

Орындалмаған уәде

2009 жылдың наурыз айында Майкл Джексон “This is it Tour” деген атпен 13 шілде мен 2010 жылдың 6 наурызына дейін Лондонда ондаған концерт беретінін айтып, саххнаға қайта оралам деп уәде етті. Алайда сол жылы маусым айының 25-і күні Лос – Анджелесте 50 жастағы Майкл мәңгілікке көз жұмды. 3 минут 17 секундта келіп жеткен жедел  жәрдем талантты әншіге көмектесе алмады. 

Оның өліміне ауыртпайтын әсері бар препаратты мөлшерден асыра қолдану себеп болған. Қанының құрамынан табылған дәрінің мөлшері адамды өлтіретін мөлшерде болғаны анықталған. Майкл Джексонның жеке дәрігері болған Конрал Мюрей абайсызда адам өлтіру фактісі бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Атақты поп –жұлдыз Майкл Джексон Лос –Анджелестің маңындағы Forest Lawn зиратына жерленді. Бұл зиратта Уолт Дисней, Кларк Гейбл, Хамфри Богарт және Эррол Флинн секілді атақты әртістер, режиссерлер мен шоу –бизнес өкілдері жатыр.