Жан-Клод Ван Дамм танымал актер,каскадер және спортшы

Жан-Клод Ван Дамм

Жан-Клод Ван Дамм жылаңқы бала болған

Жан-Клод Ван Дамм 1960 жылы 18 қазанда Брюссель маңындағы Бершьем-сен-Агате кішкентай қалашығында бухгалтер мен гүл сатушының отбасында дүниеге келген. Оның толық аты-жөні – Жан-Клод Камиль Франсуа Ван Варенбург. Жан-Клод отбасындағы жалғыз ұл болғандықтан үнемі анасының жанында жүретін. Ол өте әлсіз бала болды, сондықтан оны «боевик жұлдызы» болады деп ешкім ойламайтын. Қалың линзалы көзілдірік тағып, балетпен айналысатын жылаңқы баланы қатарластарының бәрі әжуалап жүретін.

Дегенмен, оны 11 жасында әкесі каратэге берген сәттен бастап бәрі өзгерді. Барлығы жаттығудан қайтып, зал босаған кезде Жан-Клод тағы бірнеше сағат бойы каратэнің тәсілдерін игеріп, үйренгенін қайталайтын. Каратэге бар жан-тәнімен берілген ол үйде де, мектепте де жаттығуларын тынбай қайталайтын. Гетц оған басқаларына қарағанда көбірек уақыт бөліп, аптасына үш-төрт рет үйіне де шақырып отырған.

Чемпион бала

16 жасында Жан-Клод каратэден Еуропа чемпионатын жеңіп, қара белбеу иеленді. Мұнан кейін түрлі турнирлерге қатысқан Ван Дамм 1979 жылы америкалық кикбоксер Шерман Бергманмен сайысқа түсіп, 59-шы секундта-ақ нокаутпен жеңіске жетеді. Ван Даммның жалпы рекорды – 20-2(20 жеңіс – 13 нокаут пен 7 техникалық нокаут – сот төрешісінің шешімі бойынша 2 жеңіліс). 

Жан-Клод Ван Дамм каратэден бөлек америкалық кикбоксингпен, муай таймен, кунг-фумен және таэквондомен айналысқан. 20 жасында Ван Дамм Брюссельде жеке клубын ашады. Онда каратэден, аэробикадан, бодибилдинг пен биден сабақ өтетін. Сонымен қатар, осы кезде оның жеке үйі, спорттық машинасы, банктегі есеп шоты және кинодағы бір-екі эпизодтық рөлі болды. Дегенмен, дәл осы киноматографины алдына мақсат қылып қойған ол ағылшын тілін білмесе де АҚШ-қа қоныс аударады.

Жан-Клод Ван Дамм
https://24smi.org

Актер Жан-Клод Ван Дамм

Алғашқы жылдары Жан-Клод Америкада жүргізуші, пицца тасымалдауша, шығыс жекпе-жегінен жаттықтырушы, кілем тазалаушы, барда официант болып жұмыс істеді. Сонда ол көлікке түнеп, ал күндіз кино-сынамаларға түсуге баратын. Араға бірнеше уақыт салып ол «Не отступать и не сдаваться» (1986) атты фильмдегі қолайлы рөлді алады. Бұл фильмде Жан-Клод орыс жауыншері Иван Крушинскийді сомдап, 250 доллар гонорар алды. Одан кейінгі танымал болған рөлі Фрэнк Дьюкстің «Кровавый спорт»(1988) фильміндегі рөлі еді. Өз өмірін «Кэнон» кинокомпаниясына арнаған Фрэнк Дьюкстің көзі үйінде кілем тазалап жүрген сымбатты жігітке түсіп, әңгімеге тартады. 

Сөйлесе келе, жаңа танысы өзінің ерекше қабілеттерін көрсетіп, күшін байқатады. Кинопродюсерлер кілем тазалаушы баланы Дьюкостің рөліне бекітеді әрі қателеспейді де! Бюджеті 1,5 млн. долларды құраған фильм прокатта 11 млн. доллар жинап, видеокассеталардан тағы 50 млн. доллар жинаған. Аталмыш фильмнен кейін көпшілік Жан-Клодты «екінші Брюс Ли» деп атаса, режиссерлер мен продюсерлер тиімді ұсыныстарымен соңынан қалмайтын. Оның фильміндегі образы Mortal Kombat компьютерлік ойынындағы Джонни Кейдж образына үлгі болды. Мұнан кейін Ван Дамм «кикбокссер»(1989), «Самоволка»(1990), «Двойной удар»(1991), «Универсальный солдат»(1992) және т.б. фильмдеріне түсті. Ал ең көп гонорары «Уличный боец»(1994) фильмінде 6 200 000 доллар болған.

Жан-Клод Ван Дамм
https://kino-teatr.ua

Жұмыс кестесі тығыздығына қарамастан Ван Дамм түсірілімдер арасында каратэ мен кикбоксингтан жаттығулар жасайтын. Бір сұхбатында ол: «Менің жұмыс күнім таңғы сағат бесте жүгіруден басталады. Одан кейін велотренажерде 45 минут жаттығып, таңғы асымды ішіп, өзге де жұмыстарымды істеймін. Ал кешке екі сағат бодибилдингпен айналысамын. Осындай еңбектің нәтижесінде мен бұрынғыдан да жақсы жағдайда жаттығу жасап, жақсы өмір сүріп, жақсы тамақтанатын болдым. Барлық жетістігіме каратэ мен оның философиясының көмегімен жеткенімді білемін. Ол болмаса мен айналамдағы еліктірген дүниелерге ешқашан қарсы тұра алмас едім және осы күніме жете алмас едім», — деп ағынан жарылады.