Ең алғашқы телефон қалай пайда болды?

Александр Белл

Александр Белл Биография

Тұңғыш телефонды Александр Белл Саңыраулардың жағдайын жеңілдету үшін жасаған. “Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған” телефон туралы жұрттың бәрі біледі. Ендеше,тұңғыш  телефонды ойлап тапқан адам – шотландық ғалым Александр Белл. Александр Белл 1847 жылы 5 – наурызда Шотландияның Эдинбург қаласында филологтар отбасында дүниеге келген. Телефон тарихы Беллдің әкесі Мелвилл Белл дыбыстарды жазбаша нышандармен белгілейтін “Көрнекі сөз” жүйесін ойлап тапқаннан басталады. Осы жүйені қолданған адамдар,тіпті,өздеріне бейтаныс тілдегі сөздерді де дұрыс айта алатын еді.

Александр Бэлл
https://montessori.qld.edu.au

1870 жылдың көктемінде Белл қатты ауырғандықтан дәрігерлер оған климат өзгерту керектігін айтады. Осылайша олар алдымен Канадаға көшіп келіп,1871 жылы АҚШ – тың Бостон қаласына орнығады. Онда ол саңырауларға арналған мектепте “Көрнекі сөз” жүйесін қолдана отырып,сабақ береді. Ал,1876 жылдың 10 – наурызында саңырауларға арналған мектептің мұғалімі Александр Грэхем Белл телефонды ойлап табады.Бұл жаңалық бірнеше телеграфтық хабарламаны бір желімен жеткізу жолындағы ізденіс барысында ашылды. Беллдің өзі электрик болмағандықтан тағы бір бостондық танымал ғалым Д.Генриден(индуктивтіліктің өлшем бірлігі Генридің құрметіне қойылған) кеңес алады. 

Беллдің зертханасынан телеграфтың алғашқы үлгісін көргенде Д.Генри таңқалысын жасыра алмай:”Қандай жағдай болса да бастаған ісіңізді тастамаңыз!” – деп айқайлап жіберген екен. ”Музыкалық телеграф” жұмысын тоқтатпастан ол дауыс дыбыстары саңырауларға түсінікті болатын аппаратты ойлап таппақ болады. Осы үшін бір жыл бойы Массачусет отоларингологиялық госпиталінде жұмыс істейді. Адамның есту жүйесіне түрлі зерттеулер жүргізеді. Оның ойынша,мембранаға бекітілген ине айналып тұрған барабанға түрлі сызықтарды түсіруі керек болған. 

Мембрананың жұмысы туралы ізденісте болған Беллдің ойына өзге  бір құрылғы жасау идеясы келеді. Бұл жайында ол: “Егер электр тоғындағы тербелістер интенсивтілігін өзгертуге мүмкіндік болса,түрлі дыбыстарды жіберуге де мүмкіндік болады”, -деп жазған. Ол әлі пайда бола қоймаған,теория жүзінде тұрған құрылғыға “телефон” деген ат береді. Осылайша саңыраулардың өмірін жеңілдетпек ойдан туған өнертапқыштың идеясы бұдан былайғы кезеңде бүкіл адамзаттың игілігіне қызмет еткен құралдың пайда болуына себепкер болады.

Александр Белл өз анасымен телефонмен неге сөйлеспеген?

1876 жылы Белл өзінің ойлап тапқан құрылғысын Филадельфияда өткен көрмеге қояды. Көрмеге келушілер алғашында оның аппаратына оншалықты мән бермей,жанынан немқұрайлы өте береді. Тек көрменің жабылуына аз ғана уақыт қалғанда қадірлі қонақтардың бірі – Бразилия императоры Педр || телефонның жанына келеді. Ол жаңа дүниеге қызыға қарап,құлаққапты(наушник) құлағына басып көреді. Құлаққаптан адам дауысын есіткен ол таңданысын жасыра алмай:”Құдайым-ау! Мына бір кішкене ғана зат сөйлейді ғой!” – деп айқайлап жібереді.  

Александр Белл
https://24smi.org/celebrity/5148-aleksandr-bell.html

Осылайша, Беллдің ойлап тапқан жаңалығы көрмедегі сенсациялардың біріне айналады. Көрмеде Белл көрші бөлмеде отырып Дат ханзадасының монологын оқиды. Өйткені, ол кезде бұл телефонмен 250 метр қашықтықта ғана сөйлесуге болатын. Бұған қоса, бұл аппараттан дауыс та нашар,өзгеріп шығатын. Осыдан соң “Беллдің телефон қоғамын” құрған ғалым өнертабысын жетілдіруді қолға алады. Бұдан соң, сөйлесу ара қашықтығын ұзарту үшін Юздік көмір микрофонын пайдаланады. 

Және ток беру үшін батареяны қолданады. Осы күйінде телефон жүз жылдай өмір сүрді. Бір қызығы,Белл өмірінің соңғы 40 жылында үйіне телефон орнатудан біржолата бас тартады. Ғалым бұл қылығын “Бұл жұмыста керек құрылғы болғанымен, үйде отбасылық өміріңізді тозаққа айналдырады” деп түсіндіреді. Бір өкініштісі, ол қанша жерден телефонды ойлап тапса да,өз шешесімен және әйелімен бірде бір рет телефонмен хабарласпаған екен. 

Себебі, олар саңырау болған. Белл 1922 жылдың тамызында Канаданың Жаңа Шотландия провинциясы Баддек қаласы маңындағы Бейнн – Брей мекенінде қайтыс болады. Белл қайтыс болған кезде АҚШ  — тың барлық телефондары бір минутқа сөндіріліп,ғалымды еске алған.