Альфред Нобель — Инженер-химик, белгілі швед өнертапқышы

Альфред Нобель және Нобель сыйлығы

Альфред Нобель балалық шағы

Альфред Нобель 1833 жылы 21 қазанда Швеция астанасы Стокгольмде дүниеге келген. Ата-анасы Эммануил мен Андретианның сегіз баласы болған. Алайда олардан Альберт, Роберт, Людвиг және Эмиль ғана тірі қалған. Әкесі Эммануил өте талантты жан болыпты. Жас кезінде сәулетшілік өнермен айналысқан екен. Ал жасы ұлғайған шағында өнертапқыштық іспен шұғылданыпты. Бірақ қаражаттың жоқтығынан ол тапқан жаңалықтар нақты іске аспаған көрінеді. Сондықтан да ол отбасын тастап, Ресейге кетуге мәжбүр болған. Ал анасы Андриета сол кездері кішігірім дүкен ашып, сүт, көкөніс сатумен айналысады.

 Бала кезінде Альфред Нобельдің денсаулығы өте нашар болыпты. Оны үнемі бас ауруы мен көкжөтел мазалаған екен. Бірақ соған қарамастан Альфред бастауыш сыныпты өте жақсы оқыпты. БІрде олар Ресейге кеткен әкесінен хат алады. Әкесі хатпен бірге ірі көлемді ақша да салып жіберген екен. Көп кешікпей олар Санкт-Петербургке қоныс аударады.

16 жасында ірі ғалымдар мен өнертапқыштардан сабақ алды

 Эммануиль Нобель Ресейде өзінің Швецияда ойлап тапқан минасын Ресей үкіметіне сатудың арқасында біраз табысқа қол жеткізіпті. Ресей оның миналарын қару ретінде қолданған. Сатудан түскен қаражатты Нобель өндірістік тауар шығаратын фабрикаға салады. Ол өндіріс орнында әртүрлі жарылғыш заттарды тәжірибеден өткізумен айналысады. 

Бұл тәжірибелер, әрине, бала Альфредті де қызықтырмай қоймайды. Әкесінің тәжірибесіне таңдана қарап жүріп, өндірістік құралдармен және оқ-дәрінің химиялық құрамдарымен жастайынан таныс болып өседі. Әкесі оның бойындағы құштарлықты байқап, көршісі – профессор Николай Зининге баласына химия пәнінен сабақ беруін өтініп сұрайды. Альфред орыс, француз және басқа да шет тілдерін тез меңгереді. Аз уақыттың ішінде химия негіздерін игеріп, осы сала бойынша өнертапқыштыққа біржола бет бұрады. 

Альфред Нобель 17 жасында
https://krambambyly.livejournal.com

Зининнің ұсынысы бойынша 1849 жылы әкесі Альфредті Еуропа мен Америкаға оқуға жібереді. 16 жасар Альфред ірі ғалымдар мен өнертапқыштардың зертханаларына барып, олардан тікелей сабақ алуды мақсат етеді. Бес тілді жетік меңгерген Альфред көктемде Дания, Германия, Италия, Франция, Америкаға жол тартады. 

Аталмыш елдердегі ғалымдармен, өнертапқыштармен кездесіп, технология, ғылым жөнінде мағлұматтар алады. Француз ғалымы Теофиль-Жюль Пелуздың зертханасында жұмыс істейді, сондай-ақ неміс ғалымы Кристиан Шенбейннің ойлап тапқан жарылғышымен, швед ғалымы Джон Эриксонның бу машининасымен танысады.  

Ресейге қайтып оралуы

Сөйтіп, Альфред үш жылдан кейін Ресейге қайта оралады. Ресейге келген соң отбасылық фабрика ісін жалғастыруды жөн санайды. Оның үстіне бұл уақытта Николай І патша қарулы күштерін қайта жабдықтап жатқан еді. Уақыт өткен сайын оның фабрикасы ірілені, жұмысшылар саны өсе бастайды. Алайда Қырым соғысының ұзаққа созылуына және орыс әскерінің жеңіліске ұшырауына байланысты Эммануил Нобельдің компаниясының жағдайы да күрт төмендеп, бизнесі құлдырайды. Содан Эммануил 1859 жылы әйелі екеуі қайтадан Стокгольмге оралады. Ал балалары Ресейде қалады.

Альфред Нобель динамитті қалай ойлап тапты?

Әкесінің бизнесі өрлеп тұрғанда Альфред көп уақытын зертханада өткізуші еді. Сонда Николай Зинин Альфредке өзі бірнеше рет сынақ жасап көрген нитроглициринді таныстырады. Сол сәтте-ақ Альфред бұл заттың өміріне үлкен өзгеріс әкелетінін түсінеді. Альфред бұл затты Ресейде зерттей алмайтынын біліп, Стокгольмдегі әкесінің шағын зертханасына барып айналысуды жөн көреді. Үздіксіз ізденістің арқасында нитроглицирині бар жарылғыш затты, яғни детонаторды ойлап табады. 1864 жылы 14 қазанда осы затты ойлап тапқаны үшін патент алады. Бұл жаңалығын жарнамалау үшін тәжірибесін басқаларға көрсетіп, оның қалай жұмыс істейтініні туралы дәрістер оқиды. 

Нобельдің жаңалығына қызығушылар күн сайын арта түсіп, мұны ғылыми журналдар, газеттер жаза бастайды. Оны жан-жақтан шақырушылар көбейіп, жаңалығымен таныстыруды сұрайды. Алайда күтпеген жағдайда Нобельдің отбасы қайғы-қасірет шекті. Себебі бұған дейін де бұл отбасының өмірі жарылыстың дүмпуінде, сынған шынылар мен өрттің арасында өткен еді. 1864 жылы туылған кіші інісі Эмиль қайтыс болады. Кенжесінің өліміне қатты қайғырған Эммануил Нобельдің миына қан құйылып, төсек тартып жатып қалады. Ал Альфред алған бетінен қайтпай, тәжірибелер жалғастыра береді. Бірде Альфред әкесіне «Бүкіл әлем біздің атымызды естігенде елең ететін болсын!» деген екен. Ол сол мақсатына жетті де. Альфред келесі жарылғыш зат – динамитті ойлап тапты. 

https://russian.rt.com

Өнертапқыштың жетістіктері

Бұл жаңалығын Германия, Англия, Швеция және Солтүстік Америкада патенттеді. Ол өзінің зауытын тұрғызып, өнімдерін сату үшін әр елден компанияларын ашуды қолға алды. 1871 жылы Америка мен Еуропа елдеріне іссапарға шығып, тоғыз елден он компания мен фабрика ашты. Жарғыш динамит оған атақ-даңқ пен шексіз байлық әкеледі. Альфред Нобель сырз көзге бай-дәулетті болып көрінгенімен, өз өміріне көңілі толмаушы еді. Себебі ол өмір бойы бойдақ болып өтті.

Альфредтің өзіне тиесілі 350 патенті бар. Түсініксіз оқ-дәрі, динамит, жасанды жібек және т.б заттарды ойлап тапты. Әрине, олардың барлығы жарылғыш заттармен байланысты емес. Олардың ішінде суөлшегіш, барометр, тоңазытқыш аппараттары, газ плитасының от жанатын мойны, әскери ұшақтардың құрылғылары және т.б заттар бар. 1891 жылы Италияның Сан-Ремо қаласының маңынан үлкен үй және жер сатып алып, осы жерде зерттеу жұмыстарымен айналысты. Ол 1896 жылы 10 желтоқсанда, 63 жасында миына қан құйылып қайтыс болды.

Ең әйгілі жүлде - Нобель сыйлығы

Еуропадағы ең бай адам – Нобель қайтыс болғаннан кейін оның ғылыми атағы, ордені, еңбектері жайлы баспасөз беттерінде жиі жазыла бастады. Оның 93 өнеркәсібі Шотландия, Швейцария, Италия, Франция сияқты дүниежүзіндегі елдерде болды. Құнды қағаздарды Лондон, Женева, Венадағы банктерде сақталды. Сол себептен де болар, оның 93 өнеркәсібі кімде қалар екен деген сауал әркімді де толғандырды. 

Альфред Нобельдің өсиеті қашан жарияланар екен деп ел қызықты. Сол өсиет бойынша бүгінде 10 желтоқсан күні Стокгольмде физика, химия, медицина, физиология мен әдебиет саласындағы ерекше жетістіктері және бейбітшілік сақтаудағы еңбегі үшін Нобель сыйлығы нәсіліне, ұлтына, жынысына, діни сеніміне қарамастан, жоғарыда аталған салалар бойынша үздік еңбек үшін беріледі. Ал Нобель сыйлығына Альфредтің бейнесі бар алтын медаль, диплом және ақшалай сыйлық беріледі.