Радио қалай пайда болды және кім ойлап тапты?

Алғашқы Радио

Бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде жаңалық таратуда ең шапшаң, жедел құрал Радио екені баршамызға мәлім. Күнделікті тірлігінді істеп жүріп-ақ өзіңе керекті ақпаратты алуға болатын радионың адамзат баласы үшін маңызы зор. Жалпы, радионың шығу тарихы туралы сөз болғанда екі ғалымның атауы аталады. Олар профессор Александр Степанович Попов екінші ғалым, физик Гульельмо Маркони. Осы мақалада біз Александр Попов туралы айтамыз.

Радио тарихы

1859 жылы 4 наурызда Богослов зауытынан 20 шақырым жердегі «Турин кеніштері» деп аталатын шағын ғана кентте дін қызметкерінің отбасында дүниеге келген. Әлсіз, аурушаң болып туылғанымен баланың бойы тез өседі. Арықша келген, аққұба баланы көп ұзамай бәрі де жақсы көріп кетеді. Себебі, ол ешкімге ауыртпалық салмай, түрлі, қызықты ойындарды ойлап тауып, өзімен-өзі ойнайтын. Әсіресе, техникаға қатты әуес еді. 

Ол өзі жасап алған шағын шеберханасында күні бойы әр нәрсемен әуре болып жататын. Ең таңғарлығы, Саша (туыстары еркелетіп Саша дейтін) дайын дүниелерді көшіре салмай, өзі жасаған дүниелері міндетті түрде жұмыс істейтін. Бірде ескі қабырға сағатын тауып алды. Саша бұзылып қалған сағатты бөлшектеп, тазалап, қайта жинағанда жинағанда сағат жүріп кетеді. Ол енді сағаттың тек қана уақытын көрсетіп қана қоймай, қажет кезінде адамды оятқанын да қалайды. «Бұны қалай істеуге болады?…» деп терең ойға батқан бала ақыры мұны да жасайды. Ол сағатқа электр қоңырауын жалғау арқылы қоңыраулы сағат жасап алады.

Александр Попов
https://www.kp.ru

"Сөйлейтін тұтқа"

Оқу жылы таяғанда Саша гимназияға түскісі келетінін айтады. Бұған әкесі қарсы болмайды. Дегенмен, үлкен отбасын асырап отырған әкесі үшін ақы төлеп баласын оқыту қиын болатын. Осының барлығын ойлап отырып Сашаны Далматовтағы діни мектепке береді. Далматовта оқытушы болып жұмыс істейтін ағасы Рафаил тұратын. Алайда, бір жылдан кейін Рафаил Санкт-Петербург университетіне оқуға кетеді. Далматовта тұратын жері болмағандықтан Саша 1873 жылы Пермь діни семинариясына ауысады. Онда жүріп болашақ ғалым физика мен математикадан білімін жетілдіру үшін күні бойы ғылыми кітаптар оқиды. Бірақ ол өзге сабақтарды да беске оқитын. Ғылымды жақсы көрген үшін айналасындағылар оған «математика» деп ат қояды.

Радио
https://rostec.ru

Бірде ол құрдастарына өзінің жаңадан ойлап тапқан өнертабысын көрсетеді. Бұл қашықтықта тұрып сөйлесуге болатын құрад еді. Ол құралды бас киімнің қораптары мен балықтың торсылдағынан жасайды. Семинарияда апта бойы тек Саша Поповтың «сөйлейтін тұтқасы» жайлы әңгіме болды. Бұндай құралды ағылшын физигі Роберт Гук ХVII ғасырда-ақ ойлап тапқан екен. Алайда жас семинарист бұл жөнінде ештене білмеген еді және жаңалықты өздігінен ойлап тапқан.

1877 жылы Саша Попов Санкт-Петербург университетіне оқуға түседі. Бірінші жыл ол үшін сәтті өтеді. Себебі, ағасы Рафаил оны барлық жағынан өз қамқорлығына алған еді. Осы үшін Саша ағасы шығаратын «Мирское Слово» журналының техникалық жұмыстарын өз мойнына алады. Бірақ, бұл ұзаққа бармайды. Себебі, жұмыс Поповтың дәрістірге қатысуына, сабаққа дайындалуына кедергі келтіреді. Осының салдарынан емтихан тапсырар уақытта математикадан сынақтан құлап, келесі жылға қалдырады. Бұдан соң Саша басқа пәтерге көшіп, арасында ақылы сабақ беріп, оқуын бітіріп шығады. 1883 жылы университетті үздік бітірген Александрға физика кафедрасына қалып, ғылыммен айналысуына мүмкіндік беріледі. Бірақ, осы кезде Теңіз мекемесі Поповқа Кронштадтағы электр мина мектебінде оқытушы болуға ұсыныс жасайды. А.Попов осы мектебтің қабырғасында өмірінің ең қиын әрі қызықты сәттерін өткізеді.

Радио керемет жаңалық

Кронштадтағы электр мина мектебі Ресейдегі электротехника мен оны пайдаланудың курстары өтетін бірінші оқу орны болатын. Бұл мектепте сол кездегі электротехника жөніндегі білікті мамандардың басы қосылған еді. Осында жұмысқа тұрысымен Попов бірқатар техникалық мәселелерді шешуге қатысады. Кеме жақтауындағы электр өткізгішінен ұшқын шашырау жағдайын зерттей жүріп ол жылдам электр тербелістер саласын зерттеуге кіріседі. Осылайша радиотелеграфты ойлап табады.

Радио
http://neobychno.com

1895 жылы Попов тәжірибе жасап жатқан кезде аяқ астынан Петербург маңында найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Ал, осының бәрі Попов жасаған қабылдау стансасына дыбыстық белгі берді. Әлемдегі алғашқы радиоқабылдағыш осылай пайда болды. Ад 1895 жылдың 7 мамырында жас физик А.Попов Санкт-Петербург университетінде өткен Орыс физика-химиялық қоғамының физика бөлімшесінде өзінің жаңалығын ғалымдар арасында жария қылды. Сөйтіп, бұл күн радионың дүниеге келген күні деп белгіленеді.