Автокөлік қашан және оны кім ойлап тапты?

Автокөліктің алғашқы түрі

Ең алғашқы бумен жүретін автокөлікті француз азаматы Николас Джозеф Кагнот 1769 жылы ойлап тауыпты. Бар болғаны сағатына 4 шақырым жылдамдықпен жүргенімен, бұл автокөлік 5 тоннаға дейін жүк тарта алатын. Кейін көліктің төрт орынды нұсқасы шыға бастаған.Ал жанармаймен жүретін алғашқы көлікті 1885 жылы неміс өнертапқышы Карл Бенц 41 жасында ойлап тауыпты (Автомобиль гректің «авто» — «өзі» және латынның «mobilis» — «қозғалатын» деген сөздерінен шыққан).

Автокөлік жасаушы Карл Бенц

Карл Бенц 1844 жылы 26 қарашада Мангейм маңындағы немістің Ладенбург атты шағын қалашығында ата-бабасынан бері ұсталықпен айналысатын Ханс-Георг Бенцтің отбасында дүниеге келген. Ол өмірге келерден бір жыл бұрын сол маңда Карлсруэ – Гейдельберг теміржол желісі ашылып, болашақ өнертапқыштың әкесі сонда машинист болып жұмыс істейді. Өкінішке қарай, Карл Бенц екі жасқа келгенде әкесі суық тиіп, қайтыс болады. Сөйтіп бүкіл отбасын асырау міндеті анасының мойнына артылады.

Кішкентай Карл мен оның жерлестері үшін теміржол – өте бір жақын және жұмбақ дүние болатын. Өнертапқыштың кейін есіне алуынша, кішкене кезінде ол не салса да тек локомотивтің суреті және қандай ойын ойнаса да, пойыз ойыны болып шығады екен. Тіпті, түнде ұйқыға жатарда да паровоз секілді күмпілдеп дауыс шығарып, таңертең тұра салып та поровозша күмпілдейтін болған. «Мен үшін локомотив ең биік мақсат, сүйікті арман болатын», — деп еске алады кейін ол. Ерте қайтыс болған машинист әкесі жайындағы анасының әңгімесінен соң, бұл арман одан сайын өрши түсетін. Міне, сондықтан да Карл Бенцтің кішкентайынан паравозбен «ауырғанына» таңғалудың керегі жоқ. Сәл есейген шағында ол рельссіз жүретін локомотив жасауға ниеттенген.

Автокөлік алғаш түрі және Карл Бенц
http://autohis.ru

Карл Бенц білімі

Карлдың анасы ақылды әйел болатын. Сондықтан ол баласының техникаға деген құмарлығын да суытқан жоқ. Сөйте тұра баласының шенеунік болуын қалап, оған жақсы білім беруге тырысты. Бенцке тағдыр жақсы мұғалімдерді жолықтырды. Ол оқыған лицейдің директоры белгілі неміс ақыны Иоганн Петер Гебель болған. Кейін Карлсруэдағы жоғары политехникалық мектепте оған немістің теориялық машина жасау мектебінің негізін салушылардың бірі – Фердинанд Редтенбахер сабақ береді. Бұл мектепте тағы бір танымал ғылым, теоретик – Франи Грасгоф өзінің курсын жүргізетін. Бенц, негізінен, практик болатын. Бірақ осындай мықты ұстаздарының арқасында ол теорияны да жақсы меңгеріп, осының өзі кейін оған не бір қиын кезде көмегін тигізеді. Оқу ақысын төлеу және отбасын асырау үшін оқып жүрген кезінде де, оқуды бітірген соң да жас жігітке көп жұмыс істеуге тура келеді. Сондықтан ол фотограф та, сағат жөндеуші де, жұмыскер де, сызушы да, конструктор да болып жұмыс істейді. Сол кезден бастап ол: «Мамандығыңа құрметпен қара!» деген ұстанымды мықтап ұстайды.

Автокөлік алғашқы түрі
https://24smi.org

Карл Бенц идеясы

1867 жылы Карл бірінші рет велосипедті көреді. Оны бір танысы Штутгарттан алып келген болатын. Сол-ақ екен, Карл да өзіне әлгі велосипедке ұқсас бірнәрсе жасап алады. Бірақ жас техниктің негізгі ойы қозғалтқыш жасау болатын. Политехникалық мектепте оқып жүргенінде ол бу машинасына қарағанда газды мотордың болашағының жарқын екенін сезген. Сол себепті уақытының көп бөлігін мотор жасауға жұмсап, тіпті осы бағытта белгілі бір жетістікке де жетеді. Өстіп жүріп ол бала кездегі арманы, өзі жүретін арба жасауды да ұмытпайды.

1871 жылы Бенц газбен жұмыс істейтін қозғалтқыштың жобасын жасап, оны құрастыратын фирма ашпақ болады. Егер оның ойы жүзеге асып жатса, пайдаға шаш етектен батары сөзсіз еді. Өйткені күрт дамып жатқан өнеркәсіпке тұрақты моторлар қажет болатын. Бірақ бұған өз ақшасы жетпейтін болған соң, жанына серіктес алады. Компаниясының құрылғыларына бір жыл өткен соң, ол Берта Рингерге үйленеді. Қайын атасынан біраз ақша алған соң, серіктесінің үлесін де өзі сатып алады. Көп ұзамай ол кәдімгідей жұмыс істейтін екі тактілі мотордың үлгісін жасап шығарады.

https://www.dw.com

Автокөлік тарихы

Бенц өздігінен жүретін арба жасау туралы ойнынан қайтпай, тәжірибе үстіне тәжірибе жасай береді. Ақшаның барлығы осы тәжірибеге кетеді. Бірақ әзірге нақты нәтиже жоқ. Ақырында банктің өзі Бенцтің фирмасын қаржыландырудан бас тартады. Осы қиын кезеңде оған әйелі үлкен сүйеу болады. 1879 жылы Бенц өзінің жасаған моторын патенттеуге талпынады. Моторды сараптау барысында дәл осындай қозғалтқышты бұдан бұрын Ұлыбританияда патенттеп қойғанын біледі. Осының өзі оған мотор жасап шығаруға құқық беретін еді. Өзіне жаңа серіктестер тапқан ол өнеркәсіп қозғалтқыштарын шығаратын кәсіпорынды ұйымдастырады. Бұл кездері мұндай қозғалтқыштарға сұраныс өте жоғары болатын. Осындай тұрақты моторлар жасаумен бірде Бенц өздігінен жүретін арба жасау жөніндегі жұмыстарын да жалғастырады. Бұның бәрі негізгі жұмысқа кесірін тигізді және серіктестерінің де ашуын келтірді. Оларды да түсінуге болады. Нақты жұмыс үшін банктен алған ақшаны Бенц әлдебір түсініксіз тәжірибелер үшін жұмсай беретін.

Автокөлік Mercedes Simplex
http://autohis.ru

Танымал спорт түрі

Жаңа инвесторлар іздеп тапқан Бенц 1883 жылы Мангеймде «Бенц және Ко Рейн газды моторлы фабрикасының» негізін қалайды. Атсыз арба жасау жұмысы осылай жалғаса береді. Бірақ енді жұмыстан тыс уақытта, өз үйіндегі шеберханасында жасайды. Сөйтіп 1885 жылы автомобильдің бірінші үлгісі дайын болады. Үш дөңгелекті автомобиль бір цилиндрлі қозғалтқышпен жүретін. 1886 жылдың 29 қаңтарында өнертапқыш өзі жасаған автокөлік үшін Германияның империялық 37435 нөмірлі патентін алады. Осымен Бенцтің арманы орындалған сияқты болған. Машина барлық мамандарға ұнайды. Бұл жөнінде газеттер мақалалар жариялайды. Бірақ машинаны сатып алуға ешкім асықпайды.

Автомобиль Париждің, Мюнхеннің өнеркәсіп көрмелеріне қойылады. Тіпті, өнертапқыштың өзі күніне төрт сағат бойы машинасын көшеде айдап жүреді. Бірақ бұл жаңалыққа жұрттың бәрі таңғалғанымен, тіпті көрмеде оған медальдар берілгенімен, машинаны ешкім сатып алмайды. Бенцтің өзінің айтуынша, одан алғашқы машинаны 1887 жылы париждік Эмиль Роже сынап көру үшін сатып алады. Машина өзіне ұнаған соң, ол бірнешеуін бір-ақ сатып алады. Осылайша, Карл Бенцтің машинасын алдымен шетелде таралып, тек содан кейін ғана өз еліндегілер мойындай бастады. Үш дөңгелекті машина қолайсыздау болғандықтан, 1893 жылы Бенц қозғалтқышы үш ат күшіне тең, төрт дөңгелекті «Victoria» автомобилін шығара бастайды. Бір жылдан кейін Velo автомобилін шығара бастайды. Біртіндеп автомобильге сұраныс өсіп, олардың жұмыстары да өрге жылжи бастайды. 1901 жылы Бенцтің фирмасы өз саласындағы аса ірі кәсіпорынға айналып, өзге елдерде де бөлімшелерін ашады. 1903 жылы Бенц ұлы Ойгенмен бірге Ладенбургте «Carl Benz & Soehne» деп аталатын жаңа компанияның негізін қалайды.