TOP-10: әлемнің ең ескі 10 компаниясы

Әлемнің ең ескі 10 әуекомпаниясы

20 ғасырдың басында ағайынды Райттар алғашқы ұшақтарын жасап шығарғаннан кейін, адамзат әуе кеңістігін бағындыру ісін шындап қолға ала бастады. Сөйтіп әлемнің бірнеше елінде ұшақ құрастыру ісі қолға алынып, сәйкесінше көптеген әуекомпаниялар да құрыла бастады. Өкінішке қарай олардың көпшілігі қазіргі кезге дейін жеткен жоқ. Бүгін біз назарларыңызға осы уақытқа дейін қызмет көрсетіп келе жатырған әлемнің ең ескі 10 әуе компаниясын ұсынбақпыз.

1. KLM - Royal Dutch Airlines

KLM – 1919 жылы 7 қазанда құралыған нидерландылық әуекомпаниясы. Атауы голланд тіліндегі «Koninklijke Luchtvaart Maatschappij» деген сөзінен қысқартылып алыған. Қазақшаға аударғанда «Корольдік авиациялық компания» деген мағына береді. Ол қазіргі кезге дейін қызмет етіп келе жатырған әлемдегі ең ескі әуекомпаниясы болып табылады. Негізгі хабы Амстердам қаласының Схипхол әуежайында орналасқан. Қазіргі таңда компания флоты Боинг және Эйрбас әуе кемелерінен құралған 120-ға жуық ұшақтан тұрады және әлемнің 78 мемлекетіне ұшады. Оның ішінде Париж, Лондон, Мумбаи, Лима, Гонконг, Джоханнесбург, Сиэтл, Цюрих сияқты әлемнің ондаған ірі қалалары бар.

KLM-Royal-Dutch-Airlines
https://ru.wikipedia.org/

2. Avianca

Avianca – базасы Богота қаласының әуежайында орналасқан колумбиялық әуекомпаниясы. 1919 жылы 5 желтоқсанда құрылған. Атауы — «Aerovias Nacionales de Colombia» – деген испан сөзінен шыққан. Қазақ тіліне аударғанда «Колумбия мемлекеттік әуежелісі» деген мағына береді. Флоты Боинг пен Эйрбастан құралған 103 ұшақтан тұрады. Жүз жыл бойы қызмет көрсетіп келе жатқан әуекомпаниясы жақында өзін банкрот деп жариялады. Сондықтан да, ол жақында қайта құрылымдаудан өтуі тиіс. Себеп – әлемді жайлаған пандемия.

3. Qantas

Qantas – Аустралияның ең үлкен және ең маңызды әуекомпаниясы болып табылады. 1920 жылы 16 қарашада құрылған. Qantas – деген ағылшын тіліндегі «Queensland And Northern Territory Aerial Services» сөзінің аббревиатурасы. Қазақ тіліне аударғанда «Куинслэнд және Солтүстік Территориялардың әуетасымалдаушысы» деген мағына береді. Флоты қазіргі таңда – 131 ұшақтан тұрады. Оның ішінде «Ұщатын піл» деген атқа ие болған әлемдегі ең ірі жолаушылар ұшағы — Airbus380 ұшақтары бар. Әуекомпаниясының үлкендігі сондай, базасы Аустарлияның үш бірдей қаласының: Мельбурн, Брисбейн және Сидней әуежайларында орналасқан. Әлемнің ең қауіпсіз әуекомпаниялары тізімінің алғашқы ондығына кіреді.

Qantas
https://skytraxratings.com/airlines/qantas-rating

4. Аэрофлот

Аэрофлот – 1923 жылы 17 наурызда құралыған ресейлік әуекомпаниясы. Алғаш құрылған кездегі атауы «Добролёт» болған. 1932 жылы «Аэрофлот» болып өзгертілген. Аэрофлоттың хабы екі қалада Мәскеу (Шереметьево әуежайы) және Красноярск (Емельяново әуежайы) орналасқан. Флоты 247 ұшақтан тұрады. Әлемдегі ең көп ұшақ апаты да осы Аэрофлоттың еншісінде.

5. Chech Airlines

Czech Airlines – 1923 жылы 6 қазанда құрылған Чех Республикасының ұлттық әуеконпаниясы болып табылады. Базасы Прага қаласындағы Вацлав Гавел әуежайында орналасқан. Қазіргі таңда флоты 14 ұшақтан тұрады және әлемнің 24 еліне ұшады.

6. Finnair

Finnair – Финляндияның негізгі әуетасымалдаушысы болып табылады. 1923 жылы 1 қарашада құрылған. Базасы Хельсинки қаласындағы Вантаа әуежайында орналасқан. Флоты 84 ұшақтан тұрады және әлемнің 40 тан аса еліне, 132 бағыт бойынша ұшады. Әлемдегі ең кешікпейтін және рейстерін дәл уақытында орындайтын авиакомпаниялардың бірі. 

Finnair
https://www.goodnewsfinland.com/ru/

7. Delta Air Lines

Delta Air Lines – Америка Құрама Штаттарының ең ірі және негізгі әуекомпанияларының бірі. 1925 жылы 2 наурызда негізі қаланған. Бас штабы Джорджия штатының Атланта қаласында орналасқан. Одан өзге 9 қалада хабтары бар. 2020 жылғы маусым айындағы мәліметтер бойынша компания флотында 840 ұшақ бар және олардың барлығы да Боинг және Эйрбас компанияларының өнімдері.  Әуекомпаниясы көптеген көрсеткіштер бойынша әлемде бірінші орында тұр. 6 құрлыққа, 52 мемлекетке 325 бағыт бойынша жолаушылар тасымалдайды.

8. American Airlines

American Airlines – 1926 жылы 15 сәуірде құрылған. Бұл компания да Америка Құрама Штаттарының негізгі әуекомпанияларының бірі болып саналады. Бас штабы Техас штатындағы Форт Уорз қаласында орналасқан. Одан өзге тағы бірнеше қалада хабтары бар. Флоты – 870 ұшақтан тұрады. 5 құрлықтағы 55 мемлекетке 350 бағыт бойыша ұшады.

9. Air Serbia

Air Serbia – 1927 жылы 17 маусымда  «Aeroput» деген атпен құрылды. 1947 жылы 1 сәуірде атауы «JAT Yugoslav Airlines» болып өзгертіліп, 2013 жылға дейін осы атаумен жүрді. 2013 жылы 26 қазанда атауы «Air Serbia» болып өзгертіліп, қайта брендтеуден өтті. Базасы Белград қаласындағы Никола Тесла әуежайы болып табылады. Қазіргі таңда флоты бар болғаны 17 ұшақтан тұрады. 1972 жылы 26 қаңтарда ұшақ апатынан жалғыз тірі қалған бортсерік Весна Вулович осы әуекомпаниясында қызмет еткен. Ол 10160 метрлік биіктіктен құлап аман қалған адам ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Air-Serbia
https://avia.tips/sale/airserbia/

10. Iberia

Iberia – 1927 жылы 28 маусымда құрылған Испанияның ұлттық әуекомпаниясы. Хабы Мадрид қаласындағы Мадрид-Барахас әуежайында орналасқан. 39 мемлекетке 109 бағыт бойынша жолаушылар тасымалдайды. Флоты 84 ұшақтан тұрады, барлығы да Эйрбас ұшақтарынан құралған.

мақаланы жазған: филолог, саясаттанушы Оралбек Ж. Өтеғұлов