Әлихан Бөкейхан — Алаш қозғалысының жетекшісі, публицист, ғалым

Әлихан Бөкейхан - Алаш қозғалысының жетекшісі

Әлихан Бөкейхан балалық шағы

Әлихан Бөкейхан Нұрмұхамедұлы 1866 жылы бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының жетінші ауылында дүниеге келген. Қазіргі әкімшілік-аймақтық бөлініс бойынша бұл елдімекен Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы “Қаратал” совхозына қарайды. Әлиханның үлкен атасы – Бөкей, атақты көкжал Барақ сұлтанның ұлы. Бөкейдің тоғыз ұлының бірі – Батыр сұлтан. Батырдың ұлдары Мырзатай мен Рүстем. Мырзатайдан Нұрмұхамед туады. Әлиханның әкесі – Нұрмұхамед, анасы – Бегім ханым. Олар оқу-білімге жақын, парасатты адамдар болған. Әлиханның тілі алты жасқа келгенде әрең шыққан. Ол бала кезінен ел көшкенде түйеге мінгенді, әкесімен бірге аңға шыққанды ұнатыпты. 

Ауылдағы татар молда Зәриевтен тіл сындырып, тоғыз жасында орыс тілін үйрену үшін Қали Бекметовтың үйіне барған жерінен оған көңілі толмай, өз бетімен мектеп-интернатқа оқуға түседі. Кейін оқуын тамамдаған шәкіртке училище директоры Н.Доброхотов Қарқаралы уезінің бастығын “үздік оқуы мен үлгілі тәртібі үшін” 200 сом стипендия тағайындауға көндіріп, профессор И.Бородинге арнайы хат жазып, Санкт-Петербор қаласындағы Императорлық орман шаруашылығы институтына жолдама береді.

Әлихан Бөкейхан балалық шағы
e-history.kz/

Қалыптасу жолында

Әлихан Бөкейханның қайраткер ретінде қалыптасуының екі рухани негіздерін бөліп айту артық емес. Біріншіден, Әлихан еркіндік пен теңдікті жоғары бағалаған ортада өсті. Оның қоғамдық көзқарасының қалыптасуына халықтың бай ауыз әдебиетінің, ұлы Абайдың және басқа ақын-жыраулардың ықпалы тигендігі сөзсіз. Оның 1907 жылы тұңғыш рет орыс оқырмандарын Абайдың шығармашылығымен таныстыруды көздеген материал жариялап, ал 1909 жылы ұлы ойшылдың шығармаларының Петерборда жарық көруіне мұрындық болып, өмірінің соңына дейін “Қобыланды”, “Ерсайын”, “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” және басқа көптеген ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, зерттеп және насихаттап өтуін әрине, кездейсоқ жағдай деп айту қиын. XIX ғасырдың соңында Ресей империясында саясаттан тыс қалған түпкірді табу қиын болар еді. Оның шын мәніндегі үлкен саясаттың не екендігін түсінген кезі әрине, Санкт-Петерборда Орман шаруашылық институтында оқып жүрген жылдарына тұспа-тұс келеді.

Мұнда ол студенттік қызу айтыстарға қатысып, XX ғасырдың босағасынан аттағалы тұрған Ресейдің қандай жолмен дамуы тиімді болатындығы туралы қайшылықты пікірлер қақтығысына куә болды. Омбыдағы Орман шаруашылығы училищесіне математика пәнінен оқытушы болып орналасқан ол тура осы мезгілде социалистік бағыттағы “Степной край” газетінің қызметіне белсенді түрде араласа бастайды. Осында жүріп Ольга Яковлевнаға үйленді. Кейіннен дала облыстарын зерттейтін Щербинаның ғылыми-зерттеу  экспедициясына қатысты. Осы экспедиция жұмысында ол туған елінің экономикасын, шаруашылық құрылымын, ауылшаруашылық санағын жүргізді.

Ұлт мүддесі жолында

Қалай болғанда да Ә. Бөкейханның көзқарасының Щербина экспедициясына қатысқаннан кейінгі кезеңде үлкен өзгерістерге ұшырағандығы анық. Дегенмен, Бөкейхан сияқты қазақ оқығандарының саяси көзқарасының мүлдем жаңа сапаға көтерілуіне Тұңғыш орыс революциясы ерекше ықпал етті. Қазақ зиялылары елде жаңа сипат, жаңа өрлеу ала бастаған ұлттық қозғалысқа саналылық, ұйымдасқан сипат беру жолдарын қарастырды. Осы бағытта газет шығару, күреске шақыратын кітаптар бастырып тарату, көкейкесті қоғамдық-саяси талаптар қойған петициялар ұйымдастыру сияқты бұрын қазақ тарихында болмаған саяси күрес құралдарын игере бастады. Сан жағынан аз, әлеуметтік-саяси күресте жинаған тәжірибесі мардымсыз ұлттық интеллигенция үшін бұл жеңіл-желпі емес істерді көтеріпалып кету оңайға түспегендігі анық. Осы тарихи кезеңде ол атқарған жұмыстар арасынан мыналарды бөліп айтуға болар еді. Олар: белгілі Қарқаралы петициясын ұйымдастыру және өлкеде Ресейлік конститутциялық демократиялық партияның жергілікті филиалын құру жолында жасалған әрекет.

Алаш орда жетекшісі және құпия орденмен
https://camonitor.kz/

1905 жылы маусым айында Қоянды жәрмеңкесінде жазылған Қарқаралы петициясында қазақ қоғамының негізгі ұлттық мүддесі есебінде мынадай талаптар қойылды: діни сенімдерді атқаруда, оқу-ағарту жүйесін ұймдастыруда жергілікті халықтың еркіне қайшы келетін шектеулерді жою, ауылдарда сабақ орыс тілімен бірге қазақ тілінде де жүргізілетін мектептер ашу; қазақ халқының мұң-мұқтажын талқылауға қажет құрал-цензурасыз газет шығаруға және баспахана ашуға рұқсат беру; жаппай қоныстану қарқынының күшейіп, құнарлы жерлердің қоныстанушыларға өтуіне байланысты қазақтар орналасқан жерлерді олардың заңды меншігі екендігін мойындау; мемлекеттік аппаратта, сот орындарында іс қағаздарын қазақ тілінде де жүргізу, олардың жұмысында қостілділікті жолға қою, т.б.

Әлихан  осы жылғы толқуға қатысқаны үшін, оқиғаның мән-жайына түсініктеме беріп, Ішкі істерге жеделхат жолдағаны үшін 1906 жылы 9 қаңтарда  тұтқынға алынды. Ол абақтыға Мемлекеттік думаның мүшелігіне өту қарсаңында жабылды. 1905 жылдан бастап, оның шын мәнінде ел мүддесі үшін абақтылар мен түрмелерге жабылып, айдаулардың ауыр күндерін бастан кешірген саясаткерлерлік қызметі басталды.

Алаш орда өкілдері
https://rus.azattyq.org/

"Алаш" партиясы

“Степной край”, “Степной вестник”, “Голос степни”, “Иртыш”, “Сибирские вопросы”, “Новая жизнь” басылымдарында оның әртүрлі тақырыптағы орыс тілінде жазылған еңбектері. “Қазақ”, “Сарыарқа”, “Бірлік туы” газеттері мен Айқап журналында қазақ тілінде халық тұрмысын жан-жақты қамтитын еңбектері.

Алаш ұранды азаматтардың оншақты жылға созылған қажырлы әрекеттерінің арқасында 1917 жылы желтоқсанда “Алаш” партиясы құрылды. Бұл Әлихан Бөкейхан пен оның әріптестерінің тарихи жеңісі болды. Іле-шала құрылған Алашорда өкіметі төреағалыққа Әлихан Бөкейханды сайлады. Үкіметтің 15 мүшесі түгелдей Ресейдің жоғары оқу орындарын бітірген өз заманының білімдарлары және өз елінің мүддесін өзінен жоғары бағалаған, қазақтың дүниесі мен мүлкін жатқа қимайтын жайсандар еді.

Өмірінің соңы

Әлихан Нұрмұхамедұлы 1922 жылдан бастап Мәскеуде, ОППУ орындарының бақылауында тұруға мәжбүр болды. Үкімет орындарының, жеке адамдардың оның Қазақстанда тұрып, қызмет істеуіне рұқсат сұрап құдіретті орталыққа жасаған өтініштерінен нәтиже шықпады. Ұлт-азаттық қозғалыстың басшысына Мәскеуден ұзап шығуға тыйым салынды. 1937 жылы 27 қыркүйекте КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясының негізгіз үкімі бойынша ату жазасына кесілген Әлихан Бөкейхан 1989 жылғы 14 мамырда КСРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан ақталады. Ұлттық мемлекет құру жолында жазықсыз құрбан болған. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның атқарған ісі, кейінгі ұрпаққа қалдырған аманат мұрасы тәуелсіз Қазақ еліне қайта оралды.