Шоқан Уәлиханов — Қазақтың ұлы ғалымы

Шоқан Уәлиханов

Қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы, шығыстанушы, тарихшы, этнолог, географ, фольклортанушы, суретші Шоқан Уәлиханов 1835 жылы қазіргі Қостанай облысы аумағында Сарыкөл ауданының Күнтимес қыстауында дүниеге келген. Бабасы Абылай Қазақ ордасының, атасы Уәли Орта жүздің ханы болған. Ал Шоқанның әкесі Шыңғыс аға сұлтан ретінде Аманқарағай округін билеген.

Шоқан Уәлиханов - есті тентек

Шоқанның азан шақырылып қойылған аты – Мұхаммед – Ханафия. Мұхаммед пайғамбардың күйеубаласы хазірет Әлидің ең батыр ұлының құрметіне әрі «болашақтың Мұхаммед-Ханафиясы болар ма екен?» деген тілекпен Қалқай ишан балаға осы атты қояды. Бірақ анасы Зейнептің оған тілі келмей, сәбиін «Қанаш» деп, ал былайғы жұрт «Шоқан» деп атап кетеді.

С.Мұқановтың «Аққан жұлдызына» жүгінсек, Шоқан бала күнінде өте сотқар, боқтампаз болған. Үйге келген кісіні жақсылап тұрып сыбау, одан қалса бетіне түкіріп, сақалына жармасу, мініп келіп, байлап қойған атын шешіп жіберу, қамшы, бөрік, ертұрман сияқты заттарды тығып тастап, таптырмау Шоқанның дағдылы ісіне айналған. Сырт пішіні жөнінен Шоқан Абылай атасына қатты ұқсайтынды. 

Ел ішінде «Қаңға құмартқанда Абылайдың көзі жанып кететін» деген сөз қалған болса, қатты ашуланғанда Шоқанның көзі де жел үрлеген шоқтай қызарып кетеді екен. Шоқанның бала кезінен ұйқысын қандырып, елдің соңынан тұратын әдеті болған. Төрт-бес жасынан тайға мініп үйренген ол алты-жеті жасында асау тайларды үйрете бастаған. Ал сегіз-тоғыз жасынан ірі асауларға да бұғалық сала білген.

Өте зерек бала

Бала кезінен-ақ қабілеттілігімен, зеректігімен дараланған есті тентек бес жанынан мұсылманша хат танып, жаза білетін дәрежеген жеткен. Әкесінің іс-қағаздарына көмектесуге кішкентай кезінен-ақ жараған Шоқан бастауыш білімді Күнтимес қыстауындағы Шыңғыс ашқан мектептен алған. Сонда оқып жүріп өлең, жыр, аңыз әңгімелерді оқуға және хатқа түсіруге машықтанады. Көне шағатай тіліндегі дүниелерді тану, арабша, парсыша оқу дағдыларын меңгереді. 

Шығыс ақындарының өлендерін жаттайды. Халық мұрасын жинауды қолға алған әкесіне көмектесе жүріп, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Едіге», «Ер көкше» жырларының нұсқаларын жазып алуға қатысады. Ауыз әдебиеті мұраларының даналығын біртіндеп бойына сіңіріп, оның мазмұндылығына, байлығына қайран қалады. Ел арасындағы әнші, күйші, жыршылардың өнерін тамашалаудан бір сәт те жалықпайтын бала Шоқан одан қалса әжесі Айғанымға да алуан түрлі ертегі, жыр айтқызып, жыр айтқызып, сүйсіне тыңдайтын.

Шоқан Уәлиханов
https://www.zharar.com

1847 жылы күзде Шоқанды әкесі Омбыға алып келіп, кадет корпусына оқуға орналастырады. Оның рухани өсуіне орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі, қазақ, араб, парсы тілдерін білетін шығыстанушы Н.Костылецкий, өркениет тарихы пәнінен сабақ берген айдаудағы поляк оқымыстысы Г.Гонсевский, тарихшы А.Сулоцкий, географ Е.Старков секілді білімдар тұлғалар елеулі ықпал еткен. 14-15 жасар Уәлихановқа мұғалімдері болашақ ғалым, зерттеуші ретінде қараған.

Дара тұлға

Кадет корпусын бітіргеннен кейін Шоқан Дербес Сібір корпусының штабында қалдырылып, бір жылдан кейін Батыс Сібірдің генерал-губернаторы. Г.Гасфорттың адъютанты қызметіне белгіленеді. Оған ерекше тапсырмаларды орындайтын офицер міндеті жүктеледі. Бұл қызметте ол бюрократтық аппараттың, Дюгамель, Фридрихс, Кройерус, Кури сияқты шенеуніктер мен патша өкіметінің отаршылдық саясаты туғызған әділетсіздіктерді көріп, оларға қарсылығын білдіріп отырған.

Сұңғыла саяхатшы

1858-1859 жылдардағы Қашқарияға сапары Ш.Уәлихановтың ғылым, ағартушылық саласындағы шығармаларының жаңа белеске көтеріліп, дәуірлеп өсуіне жол ашты. Азғана өмірінде Шоқан Уәлиханов Орталық Азия халықтарының тарихына, географиясына, фольклорына және қоғамдық-саяси құрылысына арналған көптеген құнды еңбектер қалдырған. Қазақстан географиясында Балқаш пен Алакөлдің бұрын біртұтас су айдыны болғандығы және Жоңғар қақпасынан соғатын Ебі желі туралы ғылыми деректерді алғаш келтірген. Ортағасырлық деректер мен ауыз әдебиеті үлгілері негізінде «Қазақ шежіресі» атты еңбек жазған.

"Киргиз емес, қазақпын"

Шоқан Омбыда оқыған кезінде оқу орнының тәртібіне тез үйренді. Бірақ рота балалары Шоқандарға, яғни эскадрон балаларына өктемдің көрсете берді. Олардың кемсітуіне шыдамай, Шоқан бірнеше рет өзіне ерген балаларды бастап, қарсы тұрып қайрат көрсетті. Бір күні рота баласының біреуі «киргиз, калбит» деді. Шоқан оған: «Мен алдымен айтатын сөзінді біліп алып айтсаңшы, сүзек болған кісідей естігеніңді сандырақтамай. Мен киргиз емеспін, қазақпын. Және калбит деген – араб елінің бір тайпасы, ол қазақ емес», — деді. Шоқанға айтар жауап таба алмаған рота баласы қаша жөнелді. Шоқанның осындай тапқыр, өжеттігіне тәнті болған балалар оны әрдайым арқа тұтып, басшы ететін болды.

Шоқан Уәлиханов
https://massaget.kz

Шоқан Уәлиханов - ұстаздарын тәнті еткен шәкірт

Шоқан орыс тіліндегі әдеби кітаптарлы құныға оқитын болып алды. Бірақ ондай кітаптар қолына көп түсе бермейді. Әсіресе корпус кітапханасында әдеби кітаптар жоқтың қасы. Аздаған кітап рота балаларының қолынан босамайды. Кітапханада корпус балаларына оқуға ұсынылатын патша генералдарының өмірінен жазылған шығармалар болатын. Ондай кітаптар Шоқан, Григорий сияқты ойшыл балаларды қызықтырмайды. Олардың қызығып оқитын кітаптары – Палластың және Рычковтың жиһанкез өмірлерінен жазылған күнделіктері. Осы кітаптардың әсерінен болар, Шоқан мен Григорий екеуі Азияны аралап, жер сырын, ел жайын білгілері келеді.

Шоқанның суретшілігі сурет сабағының оқытушысы Померанцев деген жас офицерге қатты ұнайтын. Әдебиет сабағын жүргізетін оқытушы Гонсевский де Шоқанның алғырлығын, дүниетануға, әдебиеттануға қабілеттілігін байқап, ерекше ілтипат білдіретін.

"Әу қонақтар,мен аш қалмаймын"

Төре тұқымығында баланы тілі шыққанша бесікке бөлейін әдет болған. Зейнеп сол әдетті Қанашына да қолданған. Бірде Зейнеп бесіктегі Қанашын емізіп, бала ұйықтаған соң тысқа шығып кетеді. Іле үйге қонақтар келіп түседі де, «асығыспыз» деген соң мал сойылмай, сұр асылады. Тез піскен тамақ қонақтардың алдына келіп, олар етті жеуге кіріседі. 

Сонда бесіктегі Шоқан оянып, таңғышынан бір қолын шығарады да, бесіктің жабуын шетінен тұрып: «Әу, қонақтар, мен аш қалмайын», — дейді. Қонақтар жалт қараса, бесіктегі бөлеулі бала: «Рас айтам, еттен маған да беріндер», — депті. Отырғандар «Алла, мынау не сұмдық?!» деп үрейленіпті. Уақ руының биі Елембай баланы бесіктен шешіп алып, аузына қазының ұлпасын тығып жібергенде бала сорып, жұтып қойыпты.

Шоқанды неге ерекше еркелеткен?

Шоқанды әке-шешесі де, Уәлидің өзге ұрпақтары да бетінен қақпай, ерке етіп өсіреді. Оған себеп – 60-қа келіп қалған Уәлиге тиген уыздай Айғанымның соңынан сөздің көп еруі. Сол сөздер құлағына шалынған Шыңғыста «мен кімнің баласы екенмін?» деген күдікті ой жүретін. Шоқан апыл-тапыл басып жүрген кезде Шыңғыстың Құсмұрындағы үйіне Керейдің Балта руынан шыққан Тұрсымбай батыр келе қалады. «Абылай ханның туын ұстапты» дейтін батырдың тоқсаннан аса бастаған кезі еді. 

Шыңғыс Тұрсымьайды құрметпен қарсы алады. Батырдан бата алғысы келген Шыңғыс тәй-тәйлап жүрген Шоқанды батырға алып барып: «Батыр ата, шөбереңе бата бер!» деп алдына тосады. Тұрсымбай баланы қолына ала беріп, «Әруақ, әруақ!» деп жылап қоя береді. «Ата бұның не?» — деген Шыңғысқа: «Жыламағанда қайтейін, мына балаң аумаған Абылай атам ғой!» — дейді. Содан бастап Шыңғыстың күдігі сейіліп, жанындай жақсы көретін Шоқанын бұрынғыдан да ерекше көріп, еркелетеді.

Потаниннің айтқаны келді

Әкесі Шыңғыстың досы Николай Потанин – әңгімешіл адам. Потаниннің әңгімелері – Қоқанға немесе Ташкентке барған сапарларында көрген-білгендері. Ең алдымен табиғатты сипаттағыш адам екен. Ол бер жағы – Арқадағы, ар жағы – Орта Азиядағы тауларды, өзендерді, көлдерді, шөлдерді, мекендерді, ескерткіштерді, қалаларды, олардың сән-салтанаттарын, жолшыбай қазақтың қай руларына, басқа ұлттардан қандай халықтарға кездескенін, олардың тарихын, әдет-ғұрыптарын майын тамыща әңгімелегенде Шоқан түгіл, Шыңғыстың өзі беріле тыңдайтын.әсіресе Шоқан қарама-қарсы жүресінен отырып алады да, зейін қоя, бар ынты-шынтысымен, көздерін айырмастан тыңдайды да отырады.

 -Мынау балаң, Шыңғыс Валиевич, — деп қояды Николай Потанин сондай шақтарда, — Тірі болса, нағыз саяхатшының өзі болады.

 Кейін ержетіп, өзі де саяхатшы болған шағында Шоқан дос-жарандарына: «Мені саяхат сапарына алғашқы қызықтырған адам – Николай Ильич Потанин», — дейді екен.