Франклин Рузвельт АҚШ елінің ұлы президенті

Франклин Рузвельт АҚШ елінің ұлы президенті

Франклин Рузвельт балалық шағы

Франклин Рузвельт 1882 жылы 30 қаңтарда АҚШ-тың Нью-Йорк штатында, Гудзон өзені жағасындағы Хайд-Паркте, Датчесс графтігінде дүниеге келді. Әкесі Джеймс XVIII ғасырда АҚШ-қа көшіп келген голландиялық аса әйгілі, ақсүйек және бай әулеттен болатын. Джеймстің иелігінде парк пен фермерлік шаруашылығының акциялары да болған. 1901-1909 жылдары АҚШ президенті болған Теодор Рузвельт – Франклиннің 5-ші атадан туысатын ағайын көкесі. Шешесі Сара да мәртебесі жоғары әулет – франциялық Делано тұқымынан екен. Джеймстің 52 жасында бірінші әйелі қайтыс болған соң, 1880 жылы 26 жастағы Сараға үйленген, әрі әйелі жағынан аса бай жасау (миллион доллар) алыпты.

Франклинге жастайынан көп көңіл бөлінген. Арнайы күн тәртібімен тәрбиеленіп, 14 жасында дейін өз үйінде білім алған. Таңғы 7-де тұру, 8-де таңғы ас, сосын үш сағаттық оқу және түскі астан соң сағат 4-ке дейін тағы да сабақ. Сондай-ақ, әке-шешесімен бірге жылда саяхаттап, әлемдегі ең танымал мекендерді аралаған. Оған француз және неміс тілдерін, әлемдік тарих, өнер мен әдебиет және басқа білімдерді үйреткен. Оның жеке күтушісі және үйде оқытатын мұғалімдері де болды. Әке-шешесі оны талай елдерге саяхатқа апарып, Еуропаның мұражайларымен, әйгілі тарихи жерлерімен таныстырып отырған. Бала шағында оған сыйлыққа шотландиялық пони ат пен текті күшік әкелгенде қатты қуанғанымен, болашақта ол екеуіне қарап-бағу өзіне жүктеліп, оларған қараудың оңай еместігін сезініпті.

Балалық шағынан бергі Франклиннің бір хоббиі марка жинау болған. Желкенді қайықпен жүзуді және алыс елдерге саяхаттауды да ерекше ұнатыпты. 1896 жылы 14 жастағы Франклин Массачутес штатындағы жергілікті элитаның балалары оқитын Гротон мектебіне барып, білім деңгейіне сай бірден 3-сыныпқа қабылданады. Мұнда ол латын, грек, француз, неміс тілдерін және Еуропа тарихын оқыды. Оқу барысында ылғи бестік алуына басқа оқушылардың қырын қарайтынын байқап, түрлі бағалар алуды жөн санапты.

Франклин Рузвельт балалық шағы
https://24smi.org/

Оқу жылдары

1899 жылы бұл мектепті бітіргенде, оның құжатында мынадай сипаттама жазылған екен: «ол өзін адал оқушы және ұжымының қанағаттанарлық мүшесі ретінде көрсетті». 1900 жылы әйгілі Гарвард университетіне түсіп, 1904 жылы бакалавр дәрежесін алып шығады. Мұнда ол жаратылыстану пәндерінен білімін тереңдетіп, геология мен палеонтология, ағылшын және француз әдебиеті, ал ең бастысы тарих, экономика мен заң білімдері курсына ден қояды. Гарвардта ол журналистикаға әуестеніп, «Harvard Crimson» студенттік газеттің бас редакторы болған. Қоғамдық-қайырымдылық шараларымен де айналысып, Голландиядан көшіп келгендер ұрпақтарына көмектесу қорын ұйымдастырған.  1905-1907 жылдары Колумбия университетінің заңгерлік мектебіне барады, бірақ оның дипломын ала алмай кетіп, Манхетендегі аса үлкен фирмада адвокаттық практикасын бастайды. Көптеген сот істеріне қатысып, заңгерлік жұмысқа машықтанады.

Гарвард университетінің соңғы курсында жүріп, өздеріне туыстас әулеттегі экс-президен Теодор Рузвельттің кіші інісі Эллиот Рузвельттің қызы 21 жасар Анна Элеонора Рузвельтке үйленуе ұсыныс жасайды. АҚШ-тың 26-шы президентінің өкіл қызына үйленуі Франклиннің карьера жасауына, әлбетте, көп пайдасын тигізген. Ол Теодор Рузвельтпен жолығып, сөйлесіп, оның президенттік жолын өзіне үлгі тұтқан. Болашақта оның мансаптық өсу жолын (әскери теңіз флоты министрлігі, губернаторлық, сосын президенттік) қайталауды да межелесе керек.

32 АҚШ президенті
https://24smi.org/

Саясатқа келуі

Франклин Рузвельт саясаттағы басты ұстанымы демократия және христиандық дін болған. 1910 жылы 28 жасар Франклин Демократиялық партия атынан Нью-Йорк штатының заң мекемесі (легислатура) сенатына сайлауға түседі. Таңертеңнен кешке шейін сайлау насихатын жүргізіп, республикашыларды жақтайтын ауыл-аймақтарды да аралап, оларды да өз жағына тарта алады. Нәтижесінде, сайлауда жеңіп шығып, сенатор болады. 1913-1920 жылдары Демократиялық партиядан Вудро Вильсон президент болған соң, Франклинге әскери-теңіз флоты министрінің көмекшісі қызметін береді. 1928 жылы Ф.Рузвельт демократиялық партия атынан Нью-Йорк штатына губернаторлық сайлауға түсіп, оны жеңіп шығады. Губернатор болып сайлануы, оның әкімшілік қабілетін көрсетуіне біршама мүмкіндіктер беріп, беделін арттырды. 

1929 жылдың қарашасында АҚШ-та «Ұлы Күйзеліс» дағдарысы басталды. Мұндай экономикалық құлдыраудың боларын Франклин Рузвельт те алдын ала болжай алмаса керек. Губернатор лауазымына кіріскен алғашқы күндерінде, «Штаттағы шаруашылық дамуы тұрақты, алаңдайтындай еш негіз жоқ» деген болатын. Бұл дағдарыс АҚШ экономикасына Екінші дүниежүзілік соғыс зардабынан да ауыр болып, елді күрт құлдырап жібереді. Жүз мыңнан астам өнеркәсіп және сауда фирмалары, жиырмаға жуық теміржол компаниялары күйреді. Мыңдаған банктер мен фермерлік шаруашылықтар дағдарысқа ұшырады. Бұл кезде 31-ші президент Герберт Гувер елдің экономикасына жан бітіру шарасына деп 8 млрд. доллар, ал құрылықа 3 млрд. доллар салады, бірақ онысынан ешбір оң нәтиже шықпайды. АҚШ елі толық күйреуге бет алғандай күйге түсті. Елдегі жағдайды тузеуге Рузвельттің шамасы келетінін түсінген маңайындағылары, оның президенттік сайлауға өз кандидатурасын ұсынуын талап етеді.

Франклин Рузвельт президенттігі

1932 жылғы президент сайлауына Демократиялық партиядан үміткен боп түскен Рузвельт қираған экономиканы реттеу бағытында өз өкіметі белсенді жұмыстар атқаратынын айтып, өтімді насихат жүргізді. Герберт Гувер елді сабырға, төзімге шақырса, Рузвельт керісінше, елді белсенді болуға, қиындықты жеңу шараларына қатысуға шақырды. 1933 жылы 4 наурызда президент лауазымына кірісу рәсіміне арналған жиында елдің 32-ші президенті Рузвельт сахнаға мүгедек арбасымен емес, екі баласының иығына сүйеніп шығып, барша АҚШ халқының атынан салатанатты сөз сөйледі және бүкіл халық алдында Американы құтқаруға уәде береді. Ағайын көкесі, 26-президент Теодор Рузвельттің саясаты «Адал жол» деп аталса, Франклин Рузвельт өз саяси бағдарламасын «Жаңа бағыт» (ағылшын. NewDeal, сөзбе-сөз мағынасы «Жаңа келісім») деген атаумен жариялады. 9 наурызда Рузвельт Конгресті шақырып, өзіне төтенше өкілеттіктер беруін талап етеді.

Президенттік қызметінің алғашқы он бір күнінде Рузвельт Конгрестен оның 70 жылда өткізген заңынан да көп заңды өткізе алады. Рузвельт ең алдымен, төтенше жағдайдағы банк қызметі туралы шұғыл заңын алғашқы отырыста-ақ қабылдатып, барлық банктердің ақша операцияларына төрт күндік тоқтау салып жабады. Алтын мен күмісті елден сыртқа шығаруға тыйым салады. Талаптарды орындамағандарға үлкен көлемде айыппұл тағайындалады. Өйткені, дәл осы банк маңайындағы қаржылық-мафиялық топтардың кесірінен экономикаға орасан зардаптар келіп жатқанын анықтайды. 

Акция сататын банктер ол құнды қағаздың артындағы өндіріс жайлы елге толық мәліметтер беруге тиіс. Ол компанияның халі жайлы шын мәліметтерді жасырып, елді алдап акцияға сатуға жаза белгіленеді. Осылайша, банк маңайын жайлаған қаржылық алыпсатар-алаяқтарға тосқауылдар қойылды. 1933 жылғы наурызда басталған президенттігінің алғашқы 100 күндігінде Рузвельт университет профессорларынан жасақталған «ми тресті» көмегімен банк жүйесін қалпына келтіруі, аш-жалаңаштар мен жұмыссыздарға көмек беру, қарызға батқан фермерліктерді қайта қаржыландыру, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті көптеген заң актілерін жасап үлгерді. Рузвельттің беделін арттыра түсетін тағы бір қыры, ол АҚШ халқымен ашық-сұхбат радиохабарларын жүйелі өткізіп тұрған.

Ұлы тоқырау кезеңі

Франклин Рузвельт билікке келмей тұрып, 1933 жылы АҚШ-та миллиондаған халық жұмыссыз қалып, тіпті аштан өлген оқиғалар да тіркелген болатын. Ф.Рузвельт елдегі барша жұмысқа қабілетті жандарды қоғамдық жұмыстарға тартып, жұмыс лагерьлерін құрды: жол салу, көпірлер салу, қоғамдық жаңа құрылыстар ашу, бау-бақшалар егу, көше тазалау,т.б. жұмыстары ұйымдастырылды. «Жаңа бағыты» аясында 122 мың қоғамдық пайдаланымдағы ғимараттар, 77 мың көпір, 284 жаңа әуежайлар салынды. Қоғамдық жұмыстарға жалпы көлемі 12 млрд. доллар сома жұмсалды. Мұндай ауқымды жұмыстар атқару арқылы Ақ үйдің беделі мен билігі орасан зор күшейіп кетті. 

Түрлі жаңа жобаларды атқаруға арналған мекемелер құрылып, Ақ үйдегі әкімшілік жүйесі миллионнан аса қызметкерлерге ие болды. Халық алғаш рет президенттерінің бар екенін, оның өз тұрмыстарын өзгертуге ықпалы зор екенін ерекше сезіне бастады. Дегенмен, Франклин өкіметін жақтырмай сынаушылар да табылды. Франклин Рузвельттің көптеген шаралары монополияларды күшейтіп жіберді. 

1935 жылы еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру, салық салу, банк істері және басқадай салаларда аса маңызды реформаларын жасап, халық оның оң нәтижелерге жеткізгенін сезе бастады. Осылайша, Франклин Рузвельт барша қоғамның сенімі мен қолдауына ие болу арқылы шын мәніндегі елбасы, ел көсемі болып саналды. Франклин 1936 жылғы президенттік сайлауда тағы да жеңіске жетті. Президенттігінің екінші мерзімі де үлкен қарбаластарға толы болды. Тұрғын үй құрылысын басқарып реттеуде жергілікті агенттіктерді пайдалану әрі қаржыландыру, сондай-ақ, әділетті еңбек заңдылығын құру, жұмысшыларға ең төменгі айлық пен жұмыс уақыты шегін белгілеу және де ауылшаруашылығын реттеудің жаңа заңдарын қабылдау сияқты маңызды шаралар жасады. Дегенмен, елде монополиялық-мафиялық топтар әлі де мығым еді.

Ұлы тоқырау кезеңі
https://24smi.org/

Екінші дүниежүзілік соғыс

1937 жылы монополиялардың өсуі кесірінен АҚШ-та тағы да экономикалық дағдарыстар туындайды. Екінші дүниежүзілік соғыстың арқасында АҚШ монополистеріне жаңа бәсекелестер табылып, өзге елдердің өндірісімен жарысуға тура келді. Әлемдік бәсекелестермен тайталас, әлбетте, экономикалық дамуға мүмкіндіктер берді. Сыртқы саясаттағы аса бір ескерер ісі, Рузвельт 1933 жылдан бастап КСРО-ны мойындап, онымен дипломатиялық арақатынасты қалпына келтірген. Оның агрессор деп атап айтқан үш елі – Жапония, Италия, Германия болды. 1938-1939 жылдары соғыс заманы басталып кеткендіктен, Рузвельт «Жаңа бағыт» бағдарын уақытша тоқтатып, қару саласын иеленген мафиоз-монополистермен келісімге келуге барады.

Демократтар партиясы соғыс жағдайы туғанына байланысты Рузвельтке үшінші рет президенттік сайлауға түсуге ұсыныс жасаған соң, 1940 жылғы 5 қарашада сайлауға үшінші рет түсіп, АҚШ тарихында тұңғыш рет қатарынан үшінші рет сайланды. Бұл жеңісі сыртқы саясаттағы бағдарламасын жалғастыруға, АҚШ-тың Ұлыбританияға «америкалық көмек» жобасын дамытуға мүмкіндік берді. 1941 жылы ленд-лиз жайлы заңға қол қойып, онда КСРО-ға 1 миллиард доллар көлемінде пайызсыз көмек берілді. Бұл шара арқылы АҚШ монополистері түрлі қару-жарақтарын және техникаларын импорттауға қол жеткізіп, табыстарын молайтты. 

1941 жылғы 7 желтоқсанда Жапонияның Перл-Харберге шабуылынан соң, келесі күні Жапонияға, ал 11 желтоқсанда Германия мен Италияға қарсы соғыс жариялады. Конституциядағы соғыс жағдайындағы президенттің өкілеттігіне сай, Рузвельт бас қолбасшы лауазымын да алады. Антигитлерлік коалиция құру мен әлемдік бейбітшілікті сақтау мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) атты жүйені құруды ұсынып, бұл ұйымның Вашингтондағы 1942 жылдың 1 қаңтарында өткен басқосуында жасалған қаулысында оны бүкіләлемдік одақ ретінде бекітеді.

Тегерандағы "Үлкен үштік"
https://24smi.org/

1943 жылғы Тегерандағы «үлкен үштік» (Черчилль, Рузвельт, Сталин) кездесуінде, Германияға қарсы «екінші майдан» ашу керектігін айтып, Черчилльдің «күте тұру» дегеніне қарсы шығады. Сондай-ақ, бұған дейінгі Квебек конференциясында (1943) бүкіләлемдік бейбітшілікті сақтау жобасында, «соғыстан кейін «халықаралық полицей» ретінде АҚШ, Ұлыбритания, КСРО және Қытай төрттігі басым жауапкершілікке ие болуы тиіс» деді. 1944 жылы соғыс жағдаында Ф.Рузвельт бас қосбасшылығын тастап кете алмайтындықтан, төртінші рет президент болып сайлануға түсіп, жеңіп шығады. Сосын Қырым конферециясындағы (1945) тарихи шешімге үлес қосты. Кеңес әскерінің Шығыс Еуропадағы соғыста үлкен жетістіктерге жетуіне орай, болашақта КСРО-ның американ-кеңес одағымен Жапонияға қарсы соғысқа қатысуына келісім жасалды. 1945 жылдың сәуірінде Рузвельт Джоржия штатындағы Уорм Спрингс курортына демалуға кетеді. Демалыста жүріп, келесі БҰҰ жиынына сөйлейтін сөзін даярлап жатады. Алайда, 12 сәуірде инсульт алып, бас қантамырлары жарылып, миына қан құйылуынан қайтыс болады.

Жеке өмірі

Франклин Рузвельт Анна Элеонора Рузвельтке үйленген соң, экспрезидентпен жолығып, одан көптеген саяси ақыл-кеңестер алып тұрған. Өз отбасында Элеонорадан алты бала сүйген: Анна (1906), Джеймс (1907), кіші Франкдин (1909, сегіз айлығында қайтыс болған), Эллиот (1910), Франклин Делано (1914) және Джон Аспинуолл (1916). Элеонора Франклиннің саяси серіктесі, көп жайттарды ақылдаса алатын жолдасы болған. «Жақсы дос», «саяси серіктес» бола алғанымен отбасылық бақыттары ұзаққа созылмаса керек. Элеонора келісті де шырайлы, ақылды да шешен, бай да беделді жігіт Франклинге небір сұлулардың үйіріліп жүрерін о бастан ойлап, үйленуге келісім бермес бұрын, «мен оны сұлу қыздардан ұстап қала алмаймын ғой» деп құрбысына хат жазған екен. Үйленгеннен кейін, әлбетте, күйеуін қызғыштай қоруға тырысқан. Сұлулығымен тартымды болмаса да, достық қолдауы арқылы Элеонора Франклинге аса қадірлі болған. Франклиннің барша мансаптық жетістіктерінде Элеонораның қызу қолдауының үлесі мол.

Рузвельттің көптеген көңілдестері болғанын туыстары, достары, көптеген қызметшілері білсе де, президенттің мұндай жеке өмірі жайлы мақала бірде-бір газет-журналдарға шықпаған. Президент әкімшілігінің жақсы қорғаштауының арқасында, тіпті 1945 жылғы сәуірде Рузвельттің қайтыс болар сәтте бөлмесінде Люси Мерсермен бірге болғаны, әрі инсульт алған соң көңілдесі басын сүйеп жылап отырып бақиға аттандырғаны жайлы мәліметті де, ешбір газет жарияламай, бертінге дейін құпия болып қала берген екен. Элеонор күйеуі қайтыс болған соң да саясатқа қызығуын доғармаған. Тіпті, келесі президенттердің әкімшілігінде қызметте де болған. Әсіресе, Гарри Трумен мен Джон Кеннеди Элеонораны ерекше бағалаған. Элеонораны ерекше бағалаған. Элеонора 1962 жылы 78 жасында қайтыс болады. Өлерінде, ана дүниеде Франклинмен бірге боларын айтып, жұбанышты халде қайтқан көрінеді.