Мұхаммед Али Бокс патшасы және бостандық күрескері

Мұхаммед Али

Мұхаммед Али Биография

1942 жылдың 17 қаңтарында АҚШ-тың Кентукки штатына қарасты Луисвилль қаласында салмағы бар болғаны 3,3 келі Кассиус Марцеллус Клей атты сәби дүниеге келеді. Бірақ ол кезде ешкім оның болашақта аты аңызға айналған даңқты боксшы болатынын білген жоқ еді. Әкесі Кассиус Клей көше жарнамасына сурет салса, анасы Одесса андасанда ақ нәсілді бай адамдардың үйін тазалап ақша табатын. Анасы оның сәби кезінен еске алып: «Мұхаммед Али бала кезінен-ақ өте көп әрі тез сөйлегіш еді. Тіпті тілі шықпай тұрған кезде үнемі ыңылдап бір нәрсе айтатын да жататын. Қолды-аяққа тұрмайтын өте тынымсыз болды. Клейдің алты айлық кезі болатын. Екеуміз төсекте жатқанбыз. Ол керіліп-созылып жатып, кішкентай жұдырығымен аузымнан періп кеп жіберді. Оның сол соққысынан менің екі тісім босап қалған, кейін жұлдыртуға тура келді. Кассиустен нокаут алған алғашқы адам — менмін», — дейді.

 Ата-анасы Кассиустың тәрбиелі, мәдениетті, өнерлі болып өсуіне бала күнінен ерекше көңіл бөле қарады. Әкесі оны поэзияға баулыса, анасы сурет салуға қызықтыруға тырысты. Ал қимыл-қозғалысы ширақ Кассиустың өзі спортқа икемді болды. Ол көпшілік, ашық мінезді бала болып өсті. Оның отбасы қара нәсілді және ақ нәсілді орташа тап өкілдерінің материалдық жағдайын бір-бірімен мүлде салыстыруға келмейтін еді. Ақ нәсілділер бұларға қарағанда әлдеқайда бай тұратын. Дегенмен әке-шешесі балаларына еш таршылық көрсетпей өсіруге тырысты, былайша айтқанда, Клей мен Рудольфтің (өзінен екі жас кіші інісі, кейін есімін Рахман Әли деп өзгертті) «көйлектері көк, тамақтары тоқ» болды. Сондықтан болар, Кассиус Клей өзге қара нәсілді замандастары сияқты отбасын асырау үшін ерте жастан жұмысқа араласқан жоқ. Ол анда-санда ғана қалтасында артық ақша жүру үшін Луисвилль колледжінің парта, тақта, терезелерін сүртетін.

Мұхаммед Али
https://24smi.org

Бокс клубына теледидардан көріну үшін қатысты

12 жасқа толғанда Кассиусқа ата-анасы велосипед сыйлайды. Қуанышы қойнына сыймаған Клей ертесі күні бір досымен су жаңа велосипедіне мініп, балаларға тегін балмұздақ тарататын жәрмеңкеге барады. Сан түрлі балмұздақтың дәміне тамсанып жүргенде, велосипеді қолды болып кетеді. Клей дереу полиция қызметкері Джо Мартинге барып: «Маған велосипедімді ұрлаған бұзақыны тауып беріңізші. Ары қарай оның сазасын өзім тартырамын», — дейді ашуға булығып. Сонда Джо Мартин: «Балақай, сен өзі төбелесе аласың ба?» — деп сұрайды. «Жоқ, бірақ бәрібір ол ұрының көзіне көк шыбын үймелетемін», — деп Клей бой бермейді. «Біреуді ұру үшін алдымен адам өзі төбелесе білуі керек», — деген Мартин оны өзі жетекшілік ететін бокс клубына шақырады. Бірақ Клей клубқа бармайды.

 Арада екі апта өткенде ол «Болашақ чемпиондар» атты бағдарламадан Джо Мартин мен оның жас боксшылары көріп қалады. «Мәссаған, мына клубта жаттығатындарды теледидардан көрсетеді екен ғой!» деп ойлаған Клей дереу жинала сала Джо Мартинге келеді. Оның бар ойы – теледидардан көріну еді. «Шіркін, менің де жекпе-жегімді көрсетсе ғой. Достарыма «теледидардан мені көріңдер» деп мақтанып айтатын едім», — деп іштей қиялға батты. Ол Джо Мартиннің тәртібі нашар жаттығушысы болды. Себебі, клубқа келген күннен-ақ ол еш саспастан: «Осыдан ең мықты боксшы менмін! Мен әлем чемпионы боламын!» — деп айқайлай сөйлеп, басқа балалармен төбелесіп қала беретін. 

https://24smi.org

Алғашқы қарсыласы

Оның қарсыласы өзінен жасы да үлкен, тәжірибесі де көп Ронни О’Киф атты ақ нәсілді жасөспірім болды. Екеуі 40 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, жеңісті Клей қанжығасына байлайды. Өзін жеңімпаз деп хабарлаған кезде ол телекамераға қарап: «Мен әлемдегі теңдессіз боксшы боламын!» — деп бар даусымен айқайға басады. Ол тек айтып қана қоймай, солай болуы үшін барын сала дайындалды. Таңғы сағат 4 пен 5-тің арасында тұрып бірнеше шақырым жүгіретін. Бұған қоса, мектепке де бұрынғыдай автобуспен емес, жүгіріп баратын болды. Дұрыс тамақтануға да ерекше көңіл бөлді, ішімдік пен шылымды мүлде татып алмады.

 Денсаулығы мықты әрі қан қысымы қалыпты болуы үшін өзімен бірге үнемі сарымсақ қосылған су алып жүретін. Жаттығудан келген сайын әке-шешесіне: «Әлем чемпионы болған кезімде сендерге жап-жаңа үй, машина сатып әперемін» — деп қуантып қоюшы еді. Бапкері Джо Мартин оған бокста қара күштен бөлек, шыдамдылық пен ептілік те аса маңызды екендігін жете түсіндірді. Кассиус бапкерінің айқтан әр кеңесін миына сіңіруге ұмтылып, тек клубта ғана емес, үйінде де жаттығатын болды. Інісінің қолына үлкен-үлкен тастарды ұстатып, оны бар күшімен өзіне қарай атқылауға мәжбүрледі.

 Ал өзі ол тастарды барынша денесіне тигізбеуге тырысып, тиген күнде де ауырсынбай, шыдауға тырысты. Алғашында ауыр соққылардан денесі көгеріп, жараланған да еді. Бірақ бірте-бірте бойы оған да үйренді. Күн өткен сайын інісі лақтырған тастар өз межесіне дұрыс тимей, тисе де Клейдің денесіне соққы оңайшылықпен дарымайтын дәрежеге жетті. Клей бір әңгімесінде осы жаттығудың оған рингте, әсіресе қарсыласының соққысын бетіне дәл тигізбеуге көп көмектескенін айтады. Қысқасы, Клей клубқа жазылған алғашқы екі жылдың ішінді әр үш апта сайын бір жекпе-жек өткізіп және барлығында да жеңіске жеткен.

"Көбелекше қалықтап,араша шағатын" Мұхаммед Али

Спорт тарихында оның есімі бокска бұрын-соңды болмаған өзгерістер алып келген боксшы ретінде қалды. Ол өзі ойлап тапқан бокс-тасу тәсілін «Көбелекше қалықтап, араша шағу» деп атады. Ол екі қолын салбыларата ұстап, рингтің бойымен аяғының ұшымен қозғала жылжып, қарсыласының соққыларына қарсы жылжып, қарсыласының соққыларына қарсы тұратын. Сырттай қарағанда, оның бұл қозғалысы бейне бір рингте билеп жүрген боксшыны елестетеді. Шабуыл кезінде ара қашықтықты сақтай отырып, қарсыласын қолының қимылымен шатастырып, сосын күтреген жерден соққысын өткізіп жіберетін. 

Соққыны қарсыласының денесінен гөрі басына көп жасайтын. Ол рингте қолды-аяққа тұрмай желіп жүріп, жеңіл салмақты боксшы сияқты қозғалатын. Қалай тез қозғалса, соққыларын да солай көз ілеспес жылдамдықта жұмсап-жұмсап жіберетін. Өзінің шапшадығына сенгені соншалықты – қорғанысқа аса мән бермейтін. 

Оның тағы бір ерекшелігі – қарсыласының жасайын деп тұрған соққысын алдын-ала сезіп қоятын. Сосын одан бұрын өзі оған қарсы жауап жіберетін. Сондай-ақ, ол нокаутқа жіберетін соққы жасаудың қас шебері болды. «Жекпе-жекке шыққан кезде оның көздері жабылмақ тұрмақ жыпылықтамайтын да», — дейді бапкері Джо Мартин. Көп сөйлеп, мақтаншақтық танытқанымен, ол өте шыдамды боксшылардың қатарына жатты. Қиын сәттерде сабырлық сақтай білген. Оның да бетіне талай рет ауып соққылар өткен, бірақ ол мұның бәрін жерге құлап емес, тікесінен тік тұрып қарсы алды. Өзіне дарыған соққы үшін ешқашан байбаламға, ашуға салынып кетпейтін. 

Рим олимпиадасының ең жас чемпионы

Клей олимпиада қалашығына орналаса сала әр мемлекеттен келген спортшылардың бәрімен бірдей араласып кетті. Ашық мінезді, үнемі көңілді жүреін Кассиустың қасынан спортшылардың өздері де шыққысы келмейтін. Ол болса, өзінің осы олимпиадада алтын медаль алатындығын зор сенімділікпен айтып, жұртты аузына қаратты. Сондағы спортшылар: «Егер олимпиада қалашығының әкімін сайлау керек болса, ол, сөзсіз, Клей болатын еді», — деп өзара қалжындасты. 

Олимпиада ол алғашқы қарсыласы бельгиялық Ивон Беконы екінші раундта техникалық нокаутпен оңай-ақ жеңді. Ал ширек финалда кеңестік боксшы Геннадий Шатковпен кездесіп, қазылардың шешімі бойынша жеңімпаз деп танылды. Жартылай финалда автриялық Тони Мэдиган екеуінің арасында тартысты жекпе-жек өтті. Клей бұл жолы да жеңісті өз қанжығысына байлады.

 Финалда оны өзінен 9 жас үлкен әрі 230 рет кездесу өткізген аса тәжірибелі польшалық боксшы Збигнев Петшиновский күтіп тұрды. Жекпе-жекті бірден шабуылдатып бастаған Петшиковский кездесудің соңында арқанға ілініп қалды. Клейдің қатты соққылары оны есеңгіретіп тастады. Ақыры, оны жеңген ауыр салмақтағы ең жас боксшы елге чемпион болып оралады. Туған қаласы Луисвильде оны жүздеген жерлестері әуежайдан салтанатты түрде күтіп алады. Біраз уақытқа дейін Клейді марапаттап, мадақтаған жиын-кездесулер толастамады. 

Кассиус о бастан атақдаңқты аңсап, абырой-беделінің асқақтағаның қалайтын. Сондықтан газет-журналдарға сұхбат беруден қашпады, түрлі жарнамалық акцияларға да қатысып, танымалдылығын арттыра түсті. Өзі де қайда барса да мойнына медалін тастамай, тағып жүрді. Тіпті оны ұйықтағанда да мойнынан шешпеген көрінеді. Осындай күндердің бірінде ол қаладағы бір мейрамханаға тамақтанбақ болып кіреді. Алайда ол жердегілер мұнда қара нәсілділерге қызмет көрсетпейтіндігін айтады. Сонда Мұхаммед Али мойнындағы медалін саусағымен маңғаздана көрсетіп, өзінің олимпиада чемпионы екендігін айтады.

https://24smi.org

Мұсылман дінін қабылдаған Мұхаммед Али

1959 жылы Чикагода Клей алғаш рет «Ислам ұлты» қозғалысының көшбасшысы Элайдж Мұхамедтің баяндамасын тыңдайды. Ал 1961 жылы ол Майамиде оның елшісі Абдул Рахмәнмен бірге жергілікті мешітке барады. «Бұл маған қатты әсер етті. Мен мешітке кіргенде өмірімде алғаш рет жан дүнием рухани рахатқа бөленді», — дейді өзі.

 Осыдан кейін Клей «Ислам ұлты» қозғалысының мүшелерімен жиі кездесіп, жиындарына қатысып тұрады. Жалпы, осы қозғалыстың көшбасшылары Элайдж Мұхаммед пен Малкольм Икс Клейдің өміріне ерекше әсер етіп, оның рухани жетекшілеріне айналады. Көп кешікпей ол өзі де «Ислам ұлты» қозғалысына мүше болып, 22 жасында мұсылман дінін қабылдап, есімін Мұхаммед Әли деп өзгертеді. 

Бала кезінде кітап оқуды ұнатпаған Әли ендігі кезекте Құранды сүйіп оқиды. Кейін Мұхаммед Әли бір газетке берген сұхбатында: «Өмірдегі ең үлкен жетістігім – Исламды қабылдағаным», — деп айтады. Оның бұл әрекетіне көпшілік теріс қарайды, жанкүйерлері де біраз ренжиді. Тіпті, өзінің әкесі де бұған қарсы болып, «ұлымның санасын «Ислам ұлты» улап тастады» деп зар қағады. 

Сол кездегі WBA президенті Эд Лассман: «Клей бокс әлеміне запдап тигізуде. Ол жасөспірімдерге жаман үлгі көрсетті» деп мәлімдеп, оның осы уақытқа дейін жинаған барлық атақтарын тартып алуға тырысып бағады. Алайда штаттың бокс комиссиясы бұған рұқсат бермеді. Қара нәсілді боксшылар да оның жаңа есімін мойындамады. Атақты боксшы Флойд Паттерсон «Ислам ұлтын» антиамерикалық ұйым санап, Мұхаммед Әлиді жекпе-жекке шақырды. Сонда Әли: «Сен менің дініме тіл тигіздің. Мен сенімен рингте 10 раунд бойы шайқасамын. Сол кезде сазайыңды тарттырып, осы сөзің үшін соққының астына аламын», — деп жауап береді.

Айықпас науқасқа шалдыққан Али

1984 жылдың қыркүйегінде Мұхаммед Али есту, сөйлеу қабілетінің нашарлауына және ағзасындағы негізгі қызмет атқаратын мүшелерінің әлсіреуіне байланысты ауруханаға түседі. Дәрігерлер оны тексере келе емі жоқ Паркинсон ауруына шалдыққанын анықтайды. Бұл кесел Әлиге 30 жасында жабысқан екен. Бірақ спортты өмірінен артық санап, ауруын өршітіп алған. Бокс оның миына бірнеше рет зақым келтіріпті. Даңқты боксшы осы ауруға шалдыққаннан кейін: «Жаратқан Ием маған өмірде менен де күшті нәрсе бар екенін осылай сездірген шығар», — дейді. Спортпен қош айтысқан соң Мұхаммед Али белгілі саяси-қоғам қайраткеріне айналды. Африка мен Азияның көмекке мұқтаж елдеріне БҰҰ-ның бейбітшілік елшісі ретінде барып, таршылық көріп жатқан адамдарға өз қолымен азық-түлік пен медициналық дәрі-дәрмек, жабдықтар таратты. Көптеген қоғамдық ұйымдарымен тікелей араласып жұмыс істеді.