Конфуций Қытай халқының ұлы ұстазы мен философы

Конфуций қытайдың ұлы ұстазы

Конфуций балалық шағы

Қытай халқының ұлы ұстазы, асқын ойшыл-философы, дана мемлекет қайраткері Конфуций туғанда әкесінің қойған аты – Цю, тегі – Кун екен. Халықта жасы егде тартқан адамнан туған бала ақылды болады деген пікір бар. Ол дүниеге келгенде әкесі 70-тің үстінде, шешесі 17 жаста болған көрінеді. Көп ұзамай әкесі көз жұмады. Өзі 17-ге толғанда шешесі өмірден өтеді. Бірақ оның әкесі дәулетті әскери адам болғандықтан, тоғыз қыздан кейін көрген ұлдың озық білім алуына толық жағдай жасалған секілді. 

Цюдің білімділігі мен ақылдылығы жастайынан ел аузына ілігеді. Әртүрлі қызметтерге тартылады. 19 жасында үйленіп, бір-екі бала сүйеді. Әйелімен тіл табыса алмай ажырасады. Сол кезде айтқан пікір бүгінде қанатты сөзге айналып кеткен: «Бұл өмірдегі ең қиын нәрсе – әйелмен және төмен адамдармен қарым-қатынас орнату: жақындатсаң – басың шығады, алыстатсаң – жауығады».

Конфуций шәкірттерімен
https://24smi.org

"Кун ұстаз" атануы

22 жасынан мектеп ашып, шәкірт тәрбиелеумен көзге түскендіктен «Кун-цзы» атанады, яғни «Кун ұстаз» деген сөз. Жалпы, ол – адамзат әлемінде ұстаз деген ұғымның абырой-беделін өсірген ең ұлы педагог нағыз ұстаз. Ол – шәкірттерін ғана емес, бүкіл ұлтының ұстазы, адамзаттың ұстазы дәрежесіне көтерілген дара тұлға.

 Ұлы ұстаз дүниеден өтерінде, шәкірттерінін өтініші бойынша, өз өмір жолының белестерін қысқаша түрде мынандай бір ауыз сөзге сыйдырыпты:

 «15 жасымда – оқуға ден қойып, білімге бет бұрдым, 30-да – өз бетімше өмір сүре бастадым, 40-та – күдік пен күмәннан арылдым, 50-де – Аспанның әмірін таныдым, 60-та – ақиқатты жалғаннан айыра білдім, 70-те – жүрегімнің қалауымен өмір сүріп, бар ісім байыпқа түсті».

Конфуций ілімі

Конфуций ілімі – басқа да данышпандардікіндей қиын және күрделі емес, өте қарапайым. Оның ілімінің түпкі мәнін Лев Толстой бір ауыз сөзбен былайша түйіндепті: «Байыптылық пен тұрақтылыққа жетіп, өз болмысына бойұсын». 

 Конфуций адамдар өмірін қоғамда бір тәртіпке түсірудің, елді қалай жақсы басқара білудің ең қарапайым және әмбебап жолын ашты. Ол: «Патша – патша орнында, қызметші – қызметші орнында, әке – әке орнында, бала – бала орнында болуы керек. Әркім өз орнын білсін. Жас адам үлкеннің (басшының) айтқанын екі етпей орындауға тиіс, бірақ үлкен адам (немесе басшы) қызметшісі мен балаларынан өзі үлгі көрсете аларлықтай нәрсені ғана талап етсін, сонда барлығы үйлесім табады», — деді.

https://24smi.org

 Міне, осындай тәртіптің арқасында Қытай елі Конфуцийге дейін де және ата-баба жолын қатаң сақтауға үйреткен Конфуцийден кейінгі екі жарым мың жыл бойы да тәуелсіздігін сақтап, бес мың жылдық тарихы бар мәңгі мемлекетке айналды. Ал Конфуцийге дейін қазіргі Қытай бірнеше патшалықтарға бөлініп, бір-бірімен тынымсыз қырқысып, елдің мазасын алған. Тарихшылар ол кезең туралы «Қырқысушы патшалықтар заманы» деп атайды.

 Конфуций сол пайдасыз қырқыстарды тоқтатуға күш салды. Сол себептен лауазымды саяси қызметтерді атқарды, өз елінің салт-санасы мен тұрмыс-тіршілігін, тарихын, ұлттық дәстүрін зерттеді. Қалайда елді дағдарыстан шығарудың жолын қарастырды және түптің түбінде дағдарыстан шығудың жолын тапты да. Бірақ, өкінішке қарай, оның саяси қызметін ешкім де жеткілікті бағаламады. Оның философиялық және гуманистік ілімі өзі өлген соң Қытай мәдениетінің негізін қалады.

 Бір қызығы, сол кездегі қырқысқан Қытайдың бағына орай, үш ұлы тұлға бір мезетте қатар дүниеге келді. Қытайдың оңтүстік-батыс шекарасындағы үнді жерінде Будда, Қытайдың орталығында Лао-Цзы, солтүстік-шығысынан Конфуций туып, үшеуі замандас болды. Будда «Аспан асты еліне» Буддищм дінін сыйласа,  Лао-Цзы – Дао ілімін, Конфуций – Конфуций ілімін сыйға тартты. Қытай осы үшеуінің арқасында мыңдаған жыл бойы бөлшектенуден, жауға жем болудан аман қалып, әлі күнге дейін дүниедегі ең ірі мемлекет мәртебесін сақтап келеді.

Конфуций Қытайдың мемлекеттік дініне айналды

Конфуций – Қытайдың дамуына және мәңгі мемлекетке айналуына жол ашатын кіршіксіз, таза қоғамдық қарым-қатынас жүйесін орнатудың жолын іздеген саяси ойшыл. Сондықтан да оның ілімі мыңдаған жылдан бері Қытайдың мемлекеттік дініне немесе мемлекеттік идеологиясына айналды. Ол провинция басқарды, әділет министрі, патшаның кеңесшісі қызметтерін атқарды. Бір сөзбен айтқанда, саясаттанушы ғалым да, ел басқарған әкім де болды. 

Ең бастысы – «Қайтсем Қытай елін мәңгі мемлекетке айналдырам?!» дейтін аса ұлы мемлекетшіл мүдденің тынымсыз ізденістегі нөмірі бірінші ғалымы болды. Басшыларды қол астындағы халықты сүюге, мейірімділік пен ізгілікке шақырды, ал қарапайым халықты тәртіптілікке үйретті. Ақыры Қытай халқының ар-ұяты мен рухани көсеміне айналды.

Оның өлімі туралы халық аңызды да керемет. Біздің дәуірімізге дейінгі 480 жылдың көктемінде оның шәкірттері мүйізді пырақты атып алады. Мүйізді пырақ – қазақтың елтаңбасындағы мүйізді тұлпар ат секілді аты аңызға айналған мифологиялық жануар. Мүйізді пырақ Қытай халқына жетпіс жыл бұрын Конфуций туғанда бір көрінген екен. «Алғашқы көрініс дүниеге ақылды данышпан туылғанын білдірсеғ ендігісі ұлы данышпанның дүниеден өтетіні білдіреді» деп ырымдайды жұрт. Себебі жануардың мүйізінде Конфуцийдің анасы байланған әдемі шүберек болады. Мұны көрген Конфуций ажалдың жақындағанын сезеді. Содан үйге келеді де, төсек тартып, алты күн қыймылсыз жатады. Жетінші күні сол жатқан күйі дүние салады.

Конфуцийдің афоризмдері

Жақсы адам парызын ойлайды,

 Жаман адам пайдасын ойлайды.

*

Мені ел танымай қалатын болды деп қорыққанша,

Мен осы елді танымай қалмасам екен деп қорқу керек.

*

Мемлекет дегеніміз – үлкен отбасы,

Ал Отбасы дегеніміз – шағын мемлекет.

 *

Бұл өмірдегі ең қиын нәрсе – әйелмен және төмен адамдармен қарым-қатынас орнату: жақындатсаң – басына шығады, алыстатсаң – жауығады.

 *

Егер ел саналы түрде басқарылса – кедей болып, мұқтаждық көру ұят;

Егер мемлекет ақылсыз басқарылып жатса – бай болып, сый-құрметке бөлену ұят.

 *

Бұрын адамдар өзін-өзі жетілдіру үшін оқитын,

Ал бүгінде басқаларды таңғалдыру үшін оқитын болды.

 *

Ақылды адам өзіне қалмағанды өзгеге жасайды.

 *

Біздер, өмірдің не екенін білмей тұрып, өлімнің не екенін қайдан білейік?!

 *

Білімге үш жол алып барады:

 Ойлану, оқу жолы – бұл ең парасатты жол, Еліктеу.