Джефф Безос Amazon компаниясының негізін қалаушы

Джефф Безос Amazon компаниясының негізін қалаушы

Джефф Безос балалық шағы

Джефф Безос 1964 жылы 12 қаңтарда АҚШ-тың жаңа Мексико штатының Альбукерке қаласында дүниеге келген. Кей деректерде ол некесіз туған делінеді. Ал тағы бір деректе оның туған әкесі болған, бірақ тым кішкентай кезінде анасы екеуін тастап кеткен деп айтылады. Джефф 4 жасқа толғанда анасы кубалық иммигрант Мигель Безосқа тұрмысқа шығады. Өгей әкесі оған өз баласындай жылы қабақ танытады. Сол үшін де Безос өзін Мигель әулетінің толыққанды мүшесі ретінде сезінетін. Көп кешікпей оның інісі өмірге келеді.

Безостың атасы Атом энергиясы жөніндегі комиссияның мүшесі болатын. Сол себепті бала Безос қаршадайынан ғылымға қатты қызықты. ОЛ 14 жасында “ғарышкер немесе физик боламын” деп шешім қабылдады. Өзінің биік мақсатына жету үшін үйінде шағын зертхана құрып, түрлі тәжірибелер жасаумен айналысты. Ол зертханада шаңсорғыштан гидрофильді қайықтар, қолшатырдан күн пештерін жасайды. Безос мектеп кезінен бастап өзінің көшбасшылық қырын әйгілей түсті. Сөйтіп ол барлық қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысты. Оқушы Джефф тіпті “Арман” атты интеллектуалды клуб құрып, оған жетекшілік етті.

Джефф Безос балалық шағы
https://24smi.org/

Оқу жылдары

Джефф мектеп бітірген соң атақты Принстон университетінің электротехника және информатика мамандығына оқуға түседі. Ол өз мамандығы жайлы:”Мен өзі таңдаған информатика кәсібінің болашағына үлкен сеніммен қарадым. Ол сөз жоқ, адамзат өміріне тың өріс ала келеді деп ойладым”, — дейді. Джефф Безос 1986 жылы Принстон университетін үздік тәмамдайды. Сонымен бірге ол Америка Университтеттеріндегі үздік студенттер Ассоциациясының мүшесі де болды. Принстон университетін бітірген соң Безос Нью-Йорктегі жаңа жоғары технологиялық компанияда жұмыс істеді. 

Арада екі жыл өткен соң Нью-Йорк банкирлер басқармасына ауысып, құны 250 миллиард долларға жуық қаржылық жүйені басқарады. Ол осы қаржы құрылымында айрықша кәсіби біліктілігі арқылы көзге түседі. Ғажаптанарлығы Безос бар болғаны 25 жасында осы қаржылық компанияның ең жас вице-президенті болды. 1990-1995 жылдары Джефф және оның серіктестері сол кездегі әлемнің ең озық электрон компаниясын құрды. Ал 1992 жылы Безос компанияның ең жас аға вице-президенті болды. Бұл компания оның жаңа сападағы кәсіпкер ретінде қалыптасуына мол мүмкіндік сыйлады.

Amazon компаниясының негізін қалаушы қолында Kindle
https://24smi.org/

Amazon компаниясы

1994 жылдан бастап ол интернет нарығын зерттей бастады. Сөйтіп, бұл саланың қомақты табыс әкелетініне көзі жеткеннен кейін Сиэтлдегі өз гаражында кітап сату бойынша онлайн платформасын бастады. Безос алғаш жұмыс бастағанда жиырмадан астам тауар түрін сатылымға шығарды. Бірақ кейін өзге тауарлардың барлығын сатылымнан алып тастап, тек кітаптар мен музыкалық өнімдерді сатуға ыңғайлады. 

Өйткені Америкадағы кітап сатылымы жылына 260 млрд долларды құрайды. Бұл шамамен әлемдегі кітап саудасының 12%-ын йелейді. Джефф осыған үлкен сенім артты. 1995 жылы Безос Нью-Йорктен Сиэтлге көшті. Себебі ол жақта оның өз кәсібін дамытуға мол мүмкіндіктер бар еді. Ал Amazon.com сайты 1995 жылы 16 шілдеде іске қосылды. Сол кезде компанияның капиталы бар болғаны 300 мың доллар еді. Ол өзінің компаниясын “Амазон” деп атады. Мұның себебі болашақта компания Амазон сынды ұлы ағысқа айналады деп ырымдады. Сондай-ақ ол тұтынушыларға барынша өнімді қызмет көрсету тәсілін таңдады. Ол үшін ең алдымен 1,1 млн, қосымша кітаптар бар деректер базасын құрды. Онан соң осы базаға қолжетімді болу үшін бағдарламалық тұрғыдан қамтамасыз етуді жүзеге асырды. Бұл игі қадамдар Джеффтің болашаққа деген сенімін тіптен нығайта түсті. Amazon компаниясы қалай пайда болды?

Amazon компаниясы
DW.com/

Дамуы

Сол кездің өзінде Amazon.com ел нарығын жаулау үшін интернетке 2,5 миллион кітап шығарып үлгерді. 1997 жылы 16 мамырда Amazon компаниясы акцияларын биржаға шығарды. Бұл Джеффтің еркін нарықта алғаш рет өз мүмкіндігін сынап көруге жасаған батыл қадамы еді. Уақыт өте келе Амазон өз әлеуетін көрсете бастады. Дәл осындай сәтті қадамдардың жасалуына Безостың ұзақ болашақты болжай білетін көрегенділігі ықпал етті. Ал 1998 жылдың наурыз айында Amazon балалар кітап дүкенін ашты. Бүгінде Amazon интернеттегі ең үлкен және ең танымал кітап дүкеніне айналды. Алайда Безос Amazon-ның дамуын арттыра түсу үшін өзінің табысқа жету теориясын үздіксіз жетілдіріп келеді. 

2000 жылдың қаңтарында Amazon мен Network Express компаниясы құны 60 миллион долларлық жаңа ынтымақтастық келісімге қол қойды. Осы келісім арқылы Amazon өз тұтынушыларына бір сағат ішінде тауар жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Келісімшарттың шынайы жүзеге асу нәтижесінде Amazon тұтынушылары 15 миллионға жетті. Осыған байланысты Amazon акцияларының бағасы да шарықтай түсті. Яғни компанияның құны 20 миллиард долларға жетті. 

Қызықты деректер

Amazon компаниясы көптеген қиындықтарға тап болады. Компанияның ойдағыдай жұмыс жасауына Barnes пен Noble секілді қуатты компаниялар мүмкіндік бере қоймады. Осы тұста ол компанияларға бәсекелес болуға әлеуеті жетпесе де, қарсы тұрудың жолдарын қарастырды. Осылайша Amazon-ның артықшылықтары бірте-бірте пайда болды. Мұның басты себебі, Amazon сол кезде ең арзан кітап дүкендерінің бірі болды әрі күн сайын кітап қорын молайтып отырды. Тіпті Amazon өз тұтынушыларын көбейту үшін 300 000-ға жуық кітаптарды түрлі жеңілдіктермен сатып отырды. Амазон дәстүрлі кітап дүкендеріне қарағанда, әлдеқайда тиімді қызмет көрсетті. Өйткені Amazon компаниясында аса мол кітап қоры және күшті техникалық мүмкіндіктерге ие болды. Мұнан бөлек олар тұтынушылардың уақытына құрметпен қарады. Мысалы, Amazon.com сайтынан кітап сатып алу үшін бар болғаны үш секунд жеткілікті.

Ол болашақта адамзаттың өзге ғаламшарды мекендеуіне барынша дем бермек. Калифорниядағы журналистермен кездесуінде ол болашақта Айда адамдар тұратын шағын ауылдар, ауыр индустриялық аймақтар салынатынын мәлімдеді. Миллиардердің болжамынша, жақын уақытта ғарышқа ұшу бағасы арзандайды. Безостың Blue Origin компаниясы жедел түрде New Shepard ғарыш кемесін жетілдіру үшін жұмыс жасап жатыр.