Ұшақ қалай пайда болды және оны кім ойлап тапты?

Ұшақ алғашқы түрі

Айшылық алыс жерлерге әп-сәтте алып баратын әуе көліктері ешкімге таң емес. Қазіргі уақытта әлемнің кез келген түпкіріне ұшып бару адам баласы үшін сөз болмай қалды. Ал алғашқы ұшақтың пайда болуы адамзат өміріндегі ең үлкен техникалық жетістік еді. Әрине, өзге құралдар секілді Ұшақ та өздігінен оп-оңай пайда бола салған жоқ. Әуеде ұшатын құрылғыны жасау өнертапқыштардан қажырлы еңбекті, табанды ізденісті талап етті. Сондай ұзақ ізденістің, ерен еңбектің нәтижесінде алғашқы ұшақты жасап, ұшырып, тәжірибе жасаған өнертапқыштар – американдық ағайынды Уилбур мен Орвилл Райт еді.

Ұшақ тарихы

Ағайынды Райттардың ұшақты ойлап табуына «геликоптер» деп аталатын ойыншық себепкер болған. 1878 жылдың көктемінде іссапардан келе жатқан Мильтон Райт балаларына сыйлық алмақшы болып ойыншықтар дүкеніне бас ұғады. Дүкенде оның назары бұрын-соңды өзі де көрмеген ерекше ойыншыққа ауады. Бұрамасын бұраған соң ойыншық ызылдаған дауыс шығарып, тірі жәндік сияқты аспанға ұшады екен. Ұзақ ойлана келе Мильтон Райт ойыншықты сатып алуға шешім қабылдайды. 

Өйткені ол қажетсіз шығын шығаруды ұнатпайтын. Бұл ерекше ойыншықтың бағасы да арзан емес еді. Сол уақытта елу центке жаңа жейже және сырты қапталған дұға кітабын сатып алуға болатын. Күні бойы жаңа ойыншықпен ойнайтын ағайынды балалар ақыры бір күні ойыншықты сындырып тынады. Әкелері болса осындай қымбат ойыншықты күтіп ойнамағандары үшін балаларына ұрсады. 

Бірақ ойыншық бекерге сынбаған еді. Балалар геликоптердің қалай жасалғаның көру үшін ішін ашады. Осылайша бұл жағдай ағайынды балалардың ұшатын аппарат жасау туралы ойларына түрткі болады.

Ағайынды Райттар

Райттар отбасының өмірінің көп бөлігі Огайо штатындағы Дейтон қаласында өтеді. Мектеп бітірер кезде хоккей ойнап жүрген Уилбурдың аузына таяқтың ұшы қатты тиеді. Бастапқыда соққы жеңіл жарақат көрінгенімен, ауруы асқынып, бала қатты күйзеліске ұшырайды. 

Осылайша ол үш жылдай оқудан қол үзіп қалады. Ал бұл уақытта өзінен төрт жас кіші інісі Орвилл мектепті бітіреді. Бірақ ол да колледжде оқудан бас тартып, өзінің мектептегі жақын досымен бірге хабарландырулар, тапсырыспен сыйқағаздар, тіпті бірнеше газетті де басып шығарумен айналысады. Жұмыс сәтті жүрген Орвилл кейіннен ағасы Уилбурды да осы кәсіппен айналысуға көндіреді.

Ұшақ жасаушы ағайынды Райттар
https://www.2000.ua

Олар өте тату-тәтті болатын. Бұл жайында Уилбур өздеріннің үнемі бірге ойнағандарын, бірге жұмыс істегендерін, тіпті ойларының да бір жерден шығатынын еске алады. «Біз өмірде не жасасақ та ойымызды, идеямызды бірге талқылайтынбыз. Өзара сөйлесіп, әңгімелесіп ортаға салатынбыз» дейді. Бір қызығы, өнертапқыштар өмірлерінің соңына дейін үйленбей өткен екен.

Баспа станогында жұмыс істей жүріп, ағайындылар қолда бар материалдардан баспа станогына әртүрлі қосалқы құрылғылар ойлап табады. Бірде оларға Чикагодан қонаққа келген баспагер ағайынды Райттардың баспа станогымен танысып болған соң: «Олардың станоктары шынымен де жұмыс істейтін. Бірақ нақты қалай жұмыс істейтіні түсініксіз еді»,- деп таңғалған екен. 

Бұдан соң ағайындылар велосипед жасауға кіріседі. 1892 жылы олар өздерінің жеке дүкендері мен шеберханаларын ашады. Бұл уақытта АҚШ-та велосипед саудасы әбден қызған болатын. Ағайындылар өздерінің жеке үлгідегі велосипедтерін ойлап тауып, 1907 жылға дейін велосипед сатумен айналысады. Тарихшылардың пікірінше, Уилбур мен Орвиллдің велосипед бизнесімен айналысуы олардың ұшу аппаратын ойлап табуына түрткі болады.

https://www.2000.ua

Тәжірибе планердан басталды

Неміс өнертапқышы Отто Лилиентальдің «Құстың ұшуы ауада ұшудың негізі» атты кітабы ағайындылардың өміріне күрт өзгеріс алып келеді. Лилиенталь планерді (қалықтап ұшатын моторсыз аппарат) жасап, онымен екі мыңнан аса рет аспанға ұшып көреді. Осыдан соң ол екі жарым атты күшіндей қуаты бар қозғалтқышты ұшатын аппаратты жасауды жоспарлай бастайды. Бірақ  Лилиенталь 1896 жылы кезекті ұшуында апатқа ұшырап, мерт болды.

 Лилиентальдің кітабына сүйене отырып, ағайындылар планерді ауаға көтеру үшін маңдайдан тұрған желдің жылдамдығы сағатына 30 км болу керек екендігін есептеп шығарады. Ағайындылар АҚШ-тың ауа райын болжау бюросынан елдегі желді аудандардың тізімін сұратады. Америкалықтар «жел қаласы» деп атайтын Чикаго олар үшін ең тиімді қала болып шығады. Бірақ олар журналистерлерден және еріккен адамдардан аулақ, оңашада жұмыс істегенді қалайтын еді. Сондықтан желі жақсы тұратын шағын ғана Килл-Дэвил-Хиллз деген жерде тәжірибе жасауды көздейді.

 Райттардың алғашқы планерінің қанатының құлашы бес метрге жеткен екен. Бұл планермен Уилбур 1900 жылдың қазан айында он шақты рет ұшып көреді. Ал 1901-1902 жылдары екі планермен екі мыңға жуық ұшады. Олар ұшудан бірнеше рет жарақат алғандарына қарамастан жұмыстарын жалғастыра береді.

Алғашқы Ұшақ

Бұдан кейін ағайындылар планерше күш беретін құрылғы орнатуға қадам жасайды. Өздеріне қажетті қозғалтқыштың сипаттамасын Уилбур мен Орвилл АҚШ-тағы сегіз машина жаспу зауыттарына жібереді. Алайда олардың бірде бір де біреуінен жауап келмейді. Содан кейін олар тағы да өздерінің шеберханаларындағы механиктің көмегімен жеке сызбалары бойынша қозғалтқышты жасап шығарады. 

Нәтижесінде, сумен салқындалатын, бензинмен жұмыс істейтін, төрт цилиндрлі қозғалтқыш пайда болады. Бензинін, майын, радиаторын, тағы басқа да құрылғыларын қосқанда оның салмағы 90,7 келіге жетеді. Ал қуаты 12 аттың күшіне тең болатын. Қозғалтқыш Райттар жасап шығарған екі пропеллерді айналдыратын еді.

Алғашқы Ұшақ
https://ru.wikipedia.org

Тарихтағы алғашқы ұшу

Ағайындылар 1903 жылы Килл-Дэвил-Хиллзде жаңадан жасап шығарған ұшу аппаратын «Флайер» деп атайды. Бұл ұшақ Райттардың планерін бірнеше есе үлкен еді. Қанатының ауданы 47,3 шаршы метр, құлашы 12,3 метр, салмағы 274,4 келі болатын. Өнертапқыштар қозғалтқыш аппаратты әуеге көтере алмайды деп қорыққан. Өйтені, құмды жер болғандықтан ұшақтың екпін алуына мүмкіндік жоқ болатын. Осыдан соң олар ұзындығы 20 метрлік монорельс жасайды.

 Ұшақ қайта-қайта сына бергендіктен алғашқы сынақ мерзімі кейін ысырылып қала берді. Қараша айында қозғалтқышты оталдырған кезде оның дірілінен проперлер сынады. Ал желтоқсан айында монорельспен екпін алмақ болған кезде басқару рулін сындырып алады. 12 желтоқсанда Уилбур «Флайермен» бірінші рет ұшып көреді.

Тарихтағы алғашқы ұшу кезі
http://semeynoe.com

Бірақ алғашқы ұшқан кезде тұмсығын тік көтеріп жібергендіктен ұшақ жерге құлап, тұмсық жағын зақымдап алады. Ал 1903 жылдың 17 желтоқсанында күн бұлтты, ауа температурасы 0 С шамасында болатын. «Флайерді» монорельске қойып, қозғалтқышын оталдырады. Уилбур ұшақтың оң жақ қанатын демеп, ал Орвилл ұшқыштың орнына отырады. Нақтылай айтқанда қолына басқару тросын ұстап, астыңғы қанатқа жатып алады. Аппарат монорельспен сырғанап барып ақырындап ұша бастайды. Бұл кезде сағат 10:30 болатын. Алғашында ұшақ он екі секундта 36 метр қашықтыққа ұшып, құмға қонды. Ақыры сол күні Уилбур 56 секундта 260 метр қашықтыққа ұшып, рекорд жасады. Адамның ауадан ауыр, басқарылатын аппаратта ұшуы осылай басталған.