Ыбырай Алтынсарин — тұңғыш қазақ педагогы

Ыбырай Алтынсарин

Балаға жастай дұрыс тәрбие беру – бүкіл дүниежүзіндегі педагог-ғалымдардың ескі замандардан бері үлкен көңіл аударып, айрықша көтерген мәселесінің бірі. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласынан оларға үн қосушы тұңғыш қазақ педагогы – Ыбырай Алтынсарин.

Ыбырай Алтынсарин мақсаты

Ы.Алтынсарин екі түрлі ірі мәселен алдына мақсат етіп қойды: біріншісі – мектеп ашу, бала оқыту, жалпы халықты ағарту жұмысы, екіншісі – халықтың ой-санасын жаңалыққа қарай бейімдеу жолындағы тәрбиелік істері. Өзінің алғашқы адымында-ақ ол мектептің рөлін бірінші орынға қойды. 1871 жылы 31 тамызда Н.И.Ильминскийге жазған хатында: «Қазақтардың білімге қол жеткізетін ең басты құралы – мектеп. Бірақ даладағы мектептер шашылыңқы, сондықтан әлі пайдалы бола алмай отыр, әйтсе де олардың үміт күтері – мектеп, тек қана мектеп және қазақ халқының болашағы да мектептермен байланысты», — деді. 

Ол кезде мектеп, оқу, оқыту мәселесіне әркім әртүрлі қарады. Қазақ ішінде мектептің, бала оқытудың пайдасын тез ұққандар да, баласын мектепке беруден тартыныңқырағандар да болды. Тіпті үстемтап өкілдері, феодалдардың өздері де бірыңғай болған жоқ. Ескілікті берік сақтағысы келгендер қадым оқуын қолдады. Кейбіреулері өздерінше жаңаға қарай бейімделіп, ел билеу үшін де, патша үкіметінің ұлықтарымен араласу үшін де орысша білу керек деп ұқты да, балаларын жаңа мектептерге беруді мақұл көрді. 

Ыбырай Алтынсарин
https://baq.kz

Орыс-қазақ мектебі

Бірақ сол 1850 жылғы орыс-қазақ мектебіне түскендердің бәрі бірдей «әкесінің баласы» болған жоқ, оның іштерінен «адамның баласы», халықтың баласы болып шыққандары да болды. Екінші жағынан, олар патша үкіметінің қазақ балалары оқитын мектеп ашқандағы алдарына қойған мақсат-міндеттерін орындаудан бас тартты. Ата-аналары «оқу-өнеріңмен тек біз үшін қызмет ет» десе, миссионерлер «біліміңді патша үкіметінің ықпалын қазаққа молырақ таратуға күш сал» десе, Ыбырай тәрізді халықтың адал ұлдары алған білімдерін өз елін мәдениетке жетелеуге, оқу, ағарту ісін өркендеуге жұмсады. Ол кезде надандыққа белшесінен батып жатқан елді оқуға шақыру, мәдениеттілікке үндеу айтарлықтай тарихи іс еді. Ыбырай өзінің көптеген өлең, әңгімелерін жастарды оқуға шақыруға арнады.

Ыбырай Алтынсарин ғасыр адамы

Кезінде бұл өлеңнің тарихи мәні айрықша зор болды. Ақын, бір жағынан, жастарды оқуға, білім алуға үндесе, екінші жағынан, өмірдің бар қызығы тек қана байлықта деп ұғатын, оқу-өнер, ғылым-білімге, оның жалпы халық үшін керектілігіне еш мән бермейтін ескі көзқарасқа соққы берді.

 Ыбырай Алтынсарин мейлінше қиын жағдайда жұмыс істеді, талай бөгеттерге кездесті. Өтірік арыз, «Жаптым жала, жақтым күйенің» неше түріне жолықты. Бірақ ол күрестен қажыған жоқ. Әсіресе, оның келешекке сенімі зор болды. Аңсаған армандарын өзі орындай алмаса да, болашақта жастар орындайды деп білді. «Елді қараңғыдан жарыққа шығаратын – жастар, тек қана жастар» деген қорытындыға келді.

Ыбырай Алтынсарин оқушылармен
History of Kazakhstan

Ыбырай қазақ жастарын оқуға үндеумен қатар, адамгершілікке, махаббат-достыққа, еңбекке, жігершілікке, халқын сүюге, қысқасын айтқанда, «адам» деген ардақты есімді ақтай алатын кісі болып шығуға үндеді және жастарға бала кезінен бастап дұрыс тәрбие бергенде ғана бұл міндеттерді іске асыруға болатындығын жақсы ұғынды. Сондықтан Ыбырай өзінің оқытушылық, ақындық, жазушылық, аудармашылық жұмыстарын осы мақсатқа бағындырды.

 Оның 1879 жылы басылған «Қазақ хрестоматиясының» жастарға дұрыс тәрбие беру және олардың дүниетанымдық көзқарасын кеңейту үшін қазірдің өзінде де мәні зор. Сондықтан да ол талай жылдар бойы талай рет басылып, мектеп оқушыларына ұсынылып келеді.