Чарли Чаплин ұлы актер және комедия королі

Чарли Чаплин

Маскүнемнің ұлы - Чарли Чаплин

1889 жылы 15 сәуір күні Лондон қаласында варьете әртістері Чарльз Чаплин мен Ханна Хэрриет Хилдің отбасында тағы бір сәби дүниеге келеді. Ол кішкентай Чарли Чаплин еді. Сәбиге әкесі үлкен Чарлидің есімі беріледі. Чарльз бір жасқа келгенде әкесі ішімдікке салынып, екі баласы мен әйелін тастап кетеді. Ханнаның жалақысы екі баланы асырауға жететін. Бірақ жас актриса күтпеген жағдайда дауысынан айырылып қалады. Сөйтіп, тек гонорарға ғана жұмыс істейді. Қолы босай қалса киім тігіп нәпақасын табады.

Сахнаға шыққан алғашқы қадамы

1894 жылы Чарли алғаш рет сахнаға шығады. Ол кезде небәрі бес жаста еді. Кішкентай Чарлиді анасы үйге жалғыз алып баратын. Ағасы Сидней мектепке кетсе, Чарли театрда жүріп, ол жердегі актерлердің өнерін тамашалайтын. Ханна жас әрі өте сұлу әйел болды. Екі баласын асырауға барын салды. Чаплин балалық шағы жайында жазған естеліктерінде: «Сахнаға бес жасымда шыққаным үшін анама қарыздармын. Ол мен үйде жалғыз қалдырғысы келмейтін. Әрдайым өзімен бірге театрға алып баратын. Әлі есімде, сахна сыртында әдеттегідей анамның әнін тыңдап отырғанмын. Бір мезетте анамның дауысы шықпай қалды.

Бұған отырған көрермендер күліп, анамды кекете бастады. Біреуі ән айтпағанына ашуланса, екіншісі мазақтап күлді. Зал у-шу болып кетті. Анам не істерін білмей сахнадан түсіп кетті. Төменде тұрған директор бас салып ұрса бастады. Анамның орнына шыға қояр ешкім табылмады. Бір уақытта директор маған бұрылды да: «Саханаға шық!» — деді. Мен анда-санда сол жердегілерге өнерімлі көрсететінмін. Сол кезде байқап қалған болуы керек. Сөйтіп, директор ойда-жоқта анамның орнына мені шығарды. Темекінің түтінінен залда отырған көрермендерді көре алмадым. Бойымды ыңғайсыздық сезім билегендей болғанымен, өзімді-өзім қолға алып, әнімді бастап кеттім. Сол-ақ екен, көрермендер маған тиын лақтыра бастады. 

Чарли Чаплин
https://24smi.org

Жұмысшылар баласы

Сол-сол екен, Чарлидің анасының даусы шықпай қалды. Ішерге ас, киерге киім жоқ. Тұрмыстың тауқыметін бастан кеше бастаған Сидней мен Чарли мектепті тастауға мәжбүр болады. Осы уақытта екі баламен жалғыз, жұмыссыз қалған актрисаның жүйкесі сыр бере бастады. Уақыт өткен сайын есі мүлдем ауысып, халі нашарлай түседі. Екі баласын әрі қарай жеткізуге шамасы келмейтінін сезген ол үйіндегі ұсақ-түйек заттарын сатып, Ламбета жұмысшылар үйіне көшіп келеді. 

 Жұмысшылар үйі Чарли мен Сиднейге аса ұнай қоймады. Аналары жанында болғанымен олар бір-бірімен көп көріспейтін. Оларға анда-санда ғана кездесуге рұқсат беретін. Бұл жақтағы мұңды өмірін Чарли «Бір күні анаммен кездесуге бардық. Сонда ол кісінің үстіне киген жұпыны көйлегі мен көңілсіз бейнесіне қарап жүрегім ауырды. Өмір бойы ұмытпайстай жаныма ауып тиді. Бір апта ішінде анам қартайып, қатты жүдеп кетіпті. Өте көңілсіз еді. Бізді көрген бойда жадырап күліп шыға келді. 

Ағам Сидней екеуміз анамды көргенде бақырып жылап жібердік. Анам қосыла жылады. Бірақ есін тез жиып, бізді құшағына алды. Қолымызды тізесінің үстіне қойып басымызды жұмсақ алақанымен сипап өтті. Жақын арада үйге қайта оралатынымызды айтып жұбатты. Сол күні үшеуміз біраз уақыт отырдық. Бір уақытта алжапқышының қалтасынан қараушы әйелдің жұмысын істеп тапқан ақшасына сатып алған қантталған жаңғағын шығарып қолымызға ұстатты» деп есіне түсіреді.

https://24smi.org

Балалар үйіндегі Чарлидің басынан кешкені

Бірақ көп ұзамаай Сидней мен Чарлиді жұмысшылар үйінен Хэнуэлдегі балалар үйіне алып кетеді. Бұл жердегі тәрбиешілер мейірім дегеннен жұрдай болатын. әсіресе отставкадағы теңіз офицері капитан Хиндрем ұлдарды қатты жазалайтын. Оның қолында үнемі бамбук таяқ жүретін. Сәл ұнамай қалған, сапта дұрыс тұрмаған баланы таяқтың астына алатын. Балалардың жанұшыра айқайлаған дауыстары Чарлидің құлағында өмір бойы қалып қойды. Хиндремнің таяғын Чарли де жеген.

Чарли Чаплин қалай актер болды?

Чарли он екі жасында алғаш рет спектакльде ойнайды. Осы қойылымнан кейін-ақ ол таныла бастайды. Бірақ бір кемшілігі, Чарли әріп танымайтын. Кейіпкерлердің сөзін жаттау оған қиынға түсті. Ағасы оқиды, ол сөзбе-сөз қайталап жаттайтын. Театрдағылар Чарлидің әріп танымайтынын білмейтін еді. Ол да бұл жайында ешкімге тіс жармады. Бірақ Чарли ағасының көмегімен әріп үйреніп, өз бетінше білім ала бастайды.

 Біз Чарли Чаплинді тек актер және режиссер ретінде ғана танимыз. Ал оның музыкант екенінен бейхабармыз. Бір қызығы, ол барлық фильмдерінде өзі шығарған музыкаларын пайдаланған. Музыкалық білімі жоқ Чарли он төрт жасында театр дирижерінен дәріс алады. Осылай білімін өз бетінше дамытқан. Сондай-ақ кейіннен скрипка мен фортепианода ойнауды үйренеді. Чарли – музыканы өмір бойы оқыған адам. 

Он алты жасында циркке жұмысқа орналасып, Англияны шарлаған екінші дәрежелі театр тобының құрамымен бірге гастрольдерге шығады. Америкаға келген соң нағыз актер болып қалыптасады. 1912 жылы Чарли Анлияға қайтып келгенде анасы мен ағасы ауруханада жатқан болатын. Чарли оларға АҚШ-қа біржолата кететінін айтады. Себебі ол кезде 24 жастағы актер Нью-Йорктегі «Кистоун» фирмасымен киноға түсуге келісім-шартқа отырып қойған болатын.

https://24smi.org

Фильмдері

1914 жылдан бастап Чарлидің актер ретінде есімі таныла бастайды. Тек киноға ғана түсіп қоймай, өзі де бірнеше фильмдер шығарады. Чарли кино әлеміне кең шалбарлы, тырысқан пиджакты, аяқ киімі добалдай және қолында жіңішке таяғы бар, күлкі шақыратын мұртты адам образын енгізді. 1917 жылы Чарли Чаплин ең атақты актерге айналады. 

Кезінде жеуге тамақ таппай көше кезген Чарлидің өмірі енді түбегейлі өзгеріп шыға келеді. Енді атақ, ақша, махаббат та – барлығы асып-тасып жатты. Жағдайы бір қалыпқа түскен актер 1921 жылы аурушаң анасы мен ағасын қасына Голливудқа көшіріп әкеледі. Анасына қамқорлық көрсетіп барынша көмектеседі. Жұмыстан тыс уақытта келіп хал-жағдайын біліп отырады.

 Бірақ қанша қамқорлық мәңгіге қош айтысады. Ханна 65 жасында көз жұмады. Ал әкесі 1901 жылы 37 жасында бауыр ауруынан қайтыс болған. Ол кезде Чарли он екі жаста еді. Ағасы Сидней өмір бойы Чарлидің көмекшісі болып өтеді. 1952 жылы Чарди АҚШ-тан біржола кетіп, Швейцарияға қоныс аударады. Бұл жақта 1967 жылы «Гонконгтан келген графиня» фильмін түсіреді. Осы фильмнен кейін Чарли кино әлемінен біржола қол үзеді. Қалған өмірін саяхатқа, отбасына арнайды.

11 баласының әкесі - Чарли Чаплин

Өмірінде төрт рет үйленген Чарли Чаплин жеке өмірінен гөрі жұмысына көбірек назар аударды. Алғаш рет 19 жасында некелескен. Бірақ өмірбаянында бұл жайында ол туралы еш уақытта айтпаған. Соңғы рет 54 жасында он сегіз жастағы жас актриса Уна О’Нилмен бас қосады. Уна актердің тек зайыбы ғана емес, досы әрі барлық жағдайда көмек қолын созатын қамқоршысы да бола білді. Ол Чарлиге сегіз бала – бес қыз, үш ұл сыйлайды.

 Актердің алғашұы әйелдерінен үш баласы бар. Ол сол кездегі бай адамның бірі болғанымен, байлығын көрсеткісі келмейтін. Спортпен айналысқанды ұнатқан актер бокспен де шұғылданған. Чарльз Спенсер Чаплин 1977 жылы 25 желтоқсан күні 88 жасқа қараған шақында дүние салды. Дегенмен аласа бойлы, арықша келген, көкшіл көзді актердің образы қанша уақыт өтсе де кино әлемінен өшпейтін анық.