Уильям Шекспир әлемдегі ең ұлы ақын және драматург

Уильям Шекспир ұлы ақын және драматург

Уильям Шекспир – әлемдегі ең әйгілі драматургтердің ішіндегі бірегейі. Оған дейін де, одан кейін де ғұмыр кешкен бірде-бір драматург дәл Шекспир сияқты төрткүл дүниеге танылып, атақ-даңққа ие бола алмаған. Оның қаламынан туған «Гамлет», «Отело», «Король Лир», «Макбет» және «Ромео мен Джульетта» сияқты көптеген пьесалар әлемдік классикаға айналды.

Уильям Шекспир жастық шағы

Уильям Шекспир Англияның Уорикшип графтігіне қарасты Эйвондағы Стратфорд қаласында дүниеге келген. Оның қай күні туылғаны белгісіз. Жергілікті шіркеу кітабында 1564 жылдың 26 сәуірінде Джон Шекспирдің ұлы Уильямның шоқындырылғаны туралы жазба сақталған екен. Ол кезде сәбиді туылғанына үш күн болғанда шоқындыратын болған. Осы деректі негізге алып, шекспиртанушылар бірауыздан «Уильям Шекспирдің дүние есігін ашқан күні – 1564 жылдың 23 сәуірі деп есептеу керек» деген шешімге тоқтаған. 

 Уильямның әкесі Джон Шекспир орта шаруа, ал анасы Мэри Арден ауқатты отбасынан шыққан. Джон жас кезінде былғарыдан қолғап тіккен қолөнерші, тоқыма мата және ет сатумен айналысқан табысты кәсіпкер болған. Кейіннен қалалық басқару орындарында әртүрлі беделді қызметтер атқарған, бір кездері тіпті бейлиф (сот басқарушысы) болып та істеген, Қалалық кеңесті де басқарған. Джон мен Мэридің он баласы болған. Екі үлкен қызы нәресте кезінде шетінеп кеткендіктен, Уильям олардың тұңғышы болып саналған.

 1569-1579 жылдар аралығында Стратфорд қаласына актерлер жиі гастрольмен келетін болған. Дәстүр бойынша, оларды Джон Шекспир сияқты ауқатты әрі беделді қала тұрғындары қонақ ететін. Сондықтан, бала Уильямның олардың өнерін ғана тамашалап қоймай, сондай-ақ, әңгімелерін тыңдауға да мүмкіндігі болған. Уильямның театр өнеріне деген алғашқы қызығушылығы осы кезден басталса керек. Шекспирдің отбасында әдебиетпен, тарихпен, театр өнерімен ешкім айналыспаған.

Уильям Шекспир жұмыс үстінде
https://24smi.org

Оқушы Уильям

Шекспир жеті жасында сол уақытта ең мықты провинциялық оқу ордасының бірі болып табылатын Стратфордтағы орта мектепке барады. Мұнда ол латын, грек тілдерін үйреніп, антикалық тарих пен логика, риторика пәндерін де оқиды. Овидий, Вергилий, Ювенал, Цицерон шығармаларымен танысады. Зерттеушілер Шекспирге осы кезде Овидийдің «Метаморфоздар» деген еңбегінің ерекше әсер еткенін айтады.

 Уильям 13-ке толғанда әкесінің кәсібі біраз тұрып қалады. Қаржылық қиындыққа тап болып, күн көру үшін Джон әйелінің жасауын, жерін сатуға мәжбүр болады. Олардың бұлайша кедейленіп кетуінің себебі белгісіз. Кейбір зертеушілерде католик дінін ұстанатын Джон Шекспирдің І Елизавета тұсында қоғамда саяси салмағы басым болған жергілікті протестанттардың қастандығының құрбаын болғаны туралы айтылады. 

Қысқасы, осының кесірінен Уильям 14 жасында оқуын жалғастыруға мүмкіндігі болмай, мектептен шығады. Ол осыдан кейін еш жерде білім алмаған. Шекспирдің ұлы шығармаларды тудырғанына күмән келтірушілер осыны үнемі алға тартады. Олар: «Шекспирдікі деп жүрген шығармалар терең білімді әрі сөздік қоры өте бай автордың жазған еңбегі екені даусыз.

Уильям Шекспир жас кезі
https://24smi.org

Тек орта мектепте оқыған, жоғары білімі жоқ адам мұндай өте қиын әрі ғажап шығарманы жазуы мүмкін емес», — дейді. Расында да, атақты Гюго, Готье дәне Тэннің сөздік қоры 9 мың сөзді құраса, Шекспирдің сөздік қоры 15 мыңға жеткен. Зерттеушілердің тағы бір тобы Шекспирдің білімі туралы құжаттың жоқтығы оның білімсіздігін көрсетпейді дейді. Мысалы, Т.У.Болдуин: «Егер Уильям Шекспир өз заманындағы орта мектепте білім алса, онда ол өзінің кез келген замандасынан әдеби білімі жағынан еш төмен емес болғаны. Стратфордағы орта мектеп оған қажетті білімді ойдағыдай бере алатын дәрежеде болған», — дейді.

 Мектептен шығып кеткеннен кейін отбасына көмектесу үшін жұмысқа жастайынан араласады. Біраз уақыт әкесінің кәсібіне көмектескені (көмекші шебер болып) және аулы мектебінде мұғалім болғаны туралы мағлұматтар кездескені болмаса, бұдан басқа оның балалық және жастық шағы туралы деректер жоқтың қасы.

Уильям Шекспир үш баланың әкесі

Уильям 18 жасында отбасын құрады. 1582 жылдың 27 қарашасында некелерін қиюды сұрап жазған өтініші сақталған. Әйелі Энн Хетеуэй ауқатты фермердің қызы әрі Уильямнан сегіз жас үлкен болған. 1583 жылдың 26 мамырында олардың тұңғыш қызы Сьюзен дүниеге келеді. 1585 жылы егіз ұлы мен қызы Джудит пен Гаминет туылады. Осылайша, жиырма жасынан-ақ Шекспир үш баланың әкесі атанады. Өкінішке қарай, 1596 жылы ұлы Гамлет 11 жасында қыршынан қиылады. Осыдан кейін Шекспир әулетінде мұрагер болар еркек кіндік қалмайды.

Уильям Шекспир отбасымен бірге
https://24smi.org

Шекспир шығармалары

Өмірден өткеніне төрт жұз жыл өтсе де, оның шығармалары әлі күнге дейін өзектілігін жоймай, әлемнің ең озық театрлары сахналарынан түскен емес. Жер бетінде Шекспир шығармаларын сахнаға шығаруды, оның пьесаларындағы басты кейіпкерлер бейнесін сомдауды армандайтын режиссер мен актер мүлде жоқ десек те болады. Комедия, трагедия және тарихи шежіре жазудың майталман шебері Шекспирдің қаламынан 37 пьеса, екі поэма және 154 сонет пен лирикалық өлендер туған. Оның ғажайып туындыларының құпиясын ашып, талдау жолында қызмет еткен ғалымдардың да саны шексіз. Жыл сайын драматургтің көптеген кітаптары мыңдаған данамен әлемнің түкпір-түкіпірінде басылып, еңбектері туралы небір айтулы басылымдарда зерттеулер мен мақалалар жарық көріп жатса да, оның жеке адамдық тұлғасы, өмірі жайла бір-екі деректі құжат қана жеткен, басқа ештеңе жоқ. 

Уильям Шекспир шығармалары
https://godliteratury.ru

«Біздің Шекспитр туралы бар білетініміз – оның Эйвондағы Стратфорд қаласында дүниеге келгені, үйленіп, балалы болғаны, сосын Лондонға кетіп, сол жақта актер болып жұмыс істеп, кейіннен пьеса мен поэма жазғаны және өмірінің соңында қайта Стратфордқа оралып, өсиетхат жазып, қайтыс болғаны, — деп жазады ХVIII ғасырда өмір сүрген бір ағылшындық автор. Расында да, ұлы драматургтің өмірі туралы бар мәлімет осы ғана. Ақпарат тапшы болғандықтан, оның өмірі жайында аңыз бен болжам көп. 

Оның бірде-бір қолжазбасы да сақталмаған. Сондықтан оның еңбектерін зерттеушілер арасында «шын мәнінде Шекспир өмірде болған ба, жоқ па?» деген сұрақ төңірегінде көп жылдар бойы таласты пікірлер туды. Олардың бір тобы бұл ғаламат шығармаларды «Шекспир» деген лақап атпен бірнеше драматургтер бірігіп жазған десе, екінші тобы сол замандағы басқа атақты драматургтердің еңбегі (бұл тізбеде І Елизавета патшайымнан басқа, философ Фрэнсис, Бекон, драматург Кристофер Марло, тіпті теңіз қарақшысы Фрэнсис Дрейк те бар) дейді, ал үшіншілері Уильям Шекспирдің өмірде болған адам екеніне еш күмән келтірмейді және оның бұл шығармалардың нағыз авторы екенін дәлелдейді.