Теледидар қашан және қалай пайда болды?

Теледидар

Бүгінге теледидар адамзаттың күнделікті өмірнің ажырамас бір бөлігіне айналған. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін теледидардан өзіне қажетін тауып, тамашалайды. Ал енді баршамызды өзіне телмірткен осы бір «сиқырлы айнаның» шығу тарихын, оны кім ойлап тапқанын білеміз бе екен? 

Теледидар ғылыми жаңалық

Теледидардың шығу тарихы туралы сөз етпес бұрын «телевизор» сөзінің мағынасына мән беріп көрелік. «Телевизор» латын тілінен аударғанда «алыстан көруші» деген мағынаны білдіреді екен. Әрине, теледидарды бір ғана өнертапқыш ойлап таппаған. Теледидар пайда болғанша қаншама физиктер, ғалымдар еңбектеніп, ізденді. 

Ең алғаш 1884 жылы неміс өнертапқышы Пауль Нипков тесіктері бар, спираль тектес дискіні ойлап тапты. Бұны теледидардың механикалық бір түрі деп айтсақ та болады. Нипков дискісі пайда болған соң арада 14 жыл өткенде катодты-сәулелі түтікше ойлап табылды. Дәл осы түтікше бүкіл лампалы теледидарлардың пайда болуына негіз салды. Оны ойлап тапқан Джонатан Ценнек пен Фердинанд Браун еді.

Электронды-сәулелі түтікше

Сондай-ақ, электронды-сәулелі түтікшені жасаушылардың бірі – ресейлік профессор Борис Розинг 1907 жылы жаңа өнертабысы үшін патент алды. Мұндай ұқсас құрылымдар өзге елдерде де жасалған еді. Бірақ, нағыз электрондық теледидарды жасауда Розингтің шәкірті В.К.Зворыкиннің үлесі зор болды. 1917 жылдан бері АҚШ-та білім алған дарынды ғалым 1923 жылы әлемдегі алғашқы иконоскопты ойлап табады. Ал 1933 жылы бейне сигналды дүниеге әкеледі.

Теледидар
https://pikabu.ru

Алғашқы эфир

Жалпы, теледидардың өмірге келуінде АҚШ пен Шотландия ғалымдарының үлесі зор. 1925 жылы шотландық инженер Джон Лоджи Байрд өз құрылғысынан адамның басын көрсетуге қол жеткізеді. Үш метр қашықтықтан бейнені көру ол уақытта үлкен сенсация болатын. Жылтылдаған бейне экраннан көрінгенімен, тұнық емес еді. Өнертапқыш өз тәжірибесіне қаңылтырды, картон дискісін, бос қорапты және велосипедтің фонарын қолданған екен. Ал 1927 жылы америкалық Эрнст Александерсон тікелей эфирден адамның шылым шегіп тұрғанын көрсетеді. 

Осы жылдары АҚШ бірінші рет әлемге ең алғашқы теледидарларын шығара бастайды. Ал, екі айдан кейін эфирге «Патша әйелінің елшісі» атты бағдарлама шығады. Алғашқы телехабарлар АҚШ-та 1927 жылы, Ұлыбританияда 1928 жылы, Германияда 1929 жылы пайда болған.

 КСРО-дағы алғашқы Б-2 маркалы теледидар 1932 жылы Ленинградтың «Коминтерн»  зауытында жасалған. Оның экранының көлемі 3×4 см болатын. Ал, КСРО-дағы алғашқы тұрақты телехабарлар 1939 жылдан бастап беріле бастады.

Түрлі-түсті теледидар

https://24smi.org

1954 жылы алғашқы түрлі-түсті теледидар АҚШ-та пайда болады. Оның бағасы 1000 АҚШ доллары болатын. Қазіргі ақшамен есептегенде шамамен 8000 доллардай. Бірақ бұл теледидар жұмыс істеп тұруы үшін де жылына 1000 доллар ақша қажет болатын. 1962 жылы америкалық Telsar1 спутниктік телеарнасы әлемге бірінші рет тікелей эфирден бағдарлама таратты. Қашықтықтан басқаратын пульт 1975 жылы ойлап табылса, алғашқы плазмалық теледидар 1977 жылы дүниеге келген.