Караоке қалай пайда болды және кім ойлап тапты?

Алғашқы Караоке

Караоке тарихы

Караоке жапон тіліндегі karappo сөзінен шыққан. Аударғанда «бос оркестр» деген мағынаны білдіреді. Kara және okestura деген екі сөзді біріктіргеннен туған. Караокенің пайда болуы туралы жүздеген болжамдар бар. Дегенмен караокені осыдан отыз жыл бұрын жапондық Дайсуке Иноуэ ойлап тапқан делінеді. 

Ол 1940 жылы Осаканың кедейлер тұратын ауданында дүниеге келген. Дайсуке бүгінге дейін сол жерде тұрады. Ол жас кезінде барабаншы болуды қалайды. «Бұл аспапты тек ұра берсең болды, басқа ештеңе істеудің қажеті жоқ» деп ойлайды. Содан оқуын бітірген соң Дайсуке сауда компаниясына жұмысқа кіріп, көп ұзамай кетіп қалды. Өйткені күнұзақ кеңседе сарылып отыруға оның шыдамы жетпейді. 

Сосын музыкант достарымен бірге топ құрып, көршілес Кобэ қаласындағы бар-клубтың біріне жұмысқа тұрады. Өзі топтың барабаншысы болады. Кеш бойы тоқтамай ойнау оларды шаршататын. Ал бар қожайыны келушілердің іші пыспағаның қалайды. Осыдан кейін қонақтардың көңілін қалай аулауға болады деген сұрақ туындап, караоке туралы идея Иноуэге осы кезде келеді. 

Өйткені қызып алған қонақтар оларға қосылып ән айтатын еді. Магниттік таспадағы әннен мәтінін алып тастаса, тек музыкасы ғана қалады да, қонақтардың өздерінің ән айтуына болады деп ойлайды Иноуэ. Ал қонақтар өзімен-өзі ән айтып жатса, бұлар демалмай ма?! Міне, Иноуэ өзінің осы идеясын жүщеге асыра бастайды. Алғашында залдағы екі-үш адам ғана караокемен ән айтады. Бірақ осыдан кейін тілек білдірушілердің қатары көбейе береді. Тіптен сол үшін әлгі барға әр жақтан келушілер көбейеді. 

1971 жылы Иноуэ мен оның тобы әжептәуір танымал болады. Осы кезде олар бірігіп «Крещендо» атты компания ашады.  Бірнеше жылдың ішінде караоке дүниежүзілік сұранысқа ие болады. Басқа компаниялардың да бұл тамаша нәрсеге қызығушылықтары артып, XX ғасырдың 80-жылдары алғашқы компакт-дискілер және караоке-машинаның жаңа түрлері шыға бастайды. Осы кезде Иноуэ құрған «Крещендо» компаниясы жұмысын біржола аяқтайды.

Дайсуке Инуе
https://esquire.ru

Караоке машинасы қалай жасалды?

Иноуэ караоке-машинаны жасау барысында электронды заттармен айналысатын және ағаш шебері, жиһаз өңдеуші достарының көмегіне жүгінеді. Сөйтіп, үш айдан кейін  микрофонымен бірге жасап шығарады. Оған «8-Джук» деп ат қояды. Алғашқы кезде 11 данасын жасайды, кейінінен 10 мың машина жасап шығарады. Иноуэнің қарапайымдылығы сонша – өзі ойлап тапқан караокені автор ретінде өз атына тіркемеген. Тіптен әлі күнге дейін балаларының атына да жаздырмаған. Иноуэ бұл туралы «Өзімді өнертапқышпын деп айта алмаймын. Мен тек бар нәрсені құрастырдым.

Sxodim.com

Караокені жасау үшін автомагнитофон, дауыс жазатын және оны қалпына келтіретін құрал, сонымен бірге көшедегі телефон-автоматтың корпусы, кішкентай дыбыс күшейткіш зат қана керек болды. Осындай қажетсіз дүниелерді патенттеу ойыма келмеген екен» дейді.

 Иноуэ өзі шығарған караоке-машинасында айтқан емес. Тіптен оған қызықпаған. Тек 59 жасқа толған туған күнінде ғана өзі жасап шығарған караокеде алғаш рет ән шырқайды. Сонда жапондық өнертапқыш бүгінгі караоке жайында «Қазіргі аппаратқа қарап тұрып «қандай керемет техника!»жоқ деп таңғаламын. Бірақ кейінгі шыққан караокелердің маған еш қатысы жоқ» деп айтқан екен.

Караоке пайдалы ма?

http://howitworks.iknowit.ru

Караоке тек көңіл көтеретін нәрсе ғана емес, сондай-ақ адамға рухани жағынан көмектеседі. Психологтар караокемен ән айтуды «Жан жаттығуы» деп атайды. Өйткені сүйікті әнің бар ынтаңмен орындаған сайын жаның рахаттана түседі. Бар дауысынша шығарғаннан ләззат аласың. Осының нәтижесінде адам көптен құлазып жүрген көңілін емдей алады екен. Ал, педагогтардың айтуынша, караоке оқушылар үшін таптырмас «Оқу жаттығуы» болып табылады. Экранға қарап ән айтқанда, оның сөзін қалай жаттап алғанын өздері білмей қалатын көрінеді. Яғни оқушылар тез жаттауды үйренеді. Ой-өрісінің дамуында да әсер етеді екен. Тіпті караокенің көмегімен тіл үйренуге де болады.