Жұлдыз шоғырлары туралы жалпы мәлімет
Жұлдыз шоғырлары дегеніміз бұл бір-біріне ұқсас бұрыс пішінді тығыз жұлдыздар тобы. Әрбір жұлдыз шоғырындағы жұлдыздардың пайда болуы ұқсас, бір-бірімен өзара тартылыспен байланысқан кеңістікте бірге қозғалады. Бүгінде 1200-дей сиреген Жұлдыздар шоғырлары белгілі. Оның үстіне олардың бәрі дерлік Құсжолының бойына және оның маңында орналасқан.
Алайда шағын телескоппен мұндай шоғырдың 20-ға жуығын, оның ішінде Гиадтар мен Үркерді ғана бақылауға болады. Олардың неғұрлым жарық Жұлдыз шоғырлары Күнге жақын тұрғандықтан жай көзге көрінеді. Шындығында, ең жақын сиреген жұлдыздар шоғыры — Гиадтар бізден бар болғаны 46 пк(парсек — тұмандықтар өлшемі) қашық. Сондықтан оның жұлдыздары аспанда кесеккөлденеңі шамамен 10° ауданға шашырай орналасқан. Бірақ мұндай ауданды шоғырдың орталық аймағында жақсы көрінетін, шамамен 100 жұлдызды қамтитын жұлдыздар ғана алады. Егер шоғырдың шекарасындағы көмескі болып шалынатын жұлдыздарды да есепке алсақ, онда оның ауданының кесекөлденеңі 20°-қа тең болмақ. Шоғырдағы жұлдыздардың қозғалыстарынан шоғырдың Күннен алыстап бара жатқаны тұжырымдалады.
Жұлдыз шоғырлары түрлері мен құрылысы
Үркер Күннен 130 пк-ке жуық қашықтықта. Бұл жұлдыз шоғырының 160 жұлдыз топтасқан орталық аймағы диаметрі 130′ ауданнан, ал шекарасындағы жұлдыздарды есепке алғанда — 400′ ауданнан көрінеді. Шоғырдың сызықтық өлшемі 16 пк, ал оның орталық аймағы шамамен 5 пк-ке жуық.
Бізден 175 пк қашықтықта орналасқан тағы бір айтарлықтай жақын сиреген жұлдыз шоғыры Шаян шоқжұлдызында, оның γ және σ жұлдыздардың аралығында. Жай қырағы көзге ол тұмандығыдай болып шалынады. Ал қуатты дүрбі мен шағын телескоп арқылы оның жұлдыздық құрылымы көрінеді. Ол Яслий деп аталады. Шамамен 300 жұлдыздан тұрады. Оның орталық аймағының көріну диаметрі 110′, ал көмескі жұлдыздарын қосқанда 270′. Бүкіл шоғырдың сызықтық көлемі — 14 пк, ал оның орталық аймағынікі — 6 пк-ке жуық.
Қалған сиреген Жұлдыз шоғырлары бізден әлдеқайда алыс, мың және ондаған мың парсек қашық жатыр. Құрамы бірнеше ондаған, бірнеше жүз — сирек те болса мың жұлдыздан тұрады. Неғұрлым ірілерінің кездесетініне қарамастан негізінен сызықтық өлшемдері 4-тен 16 пк-ке дейін болып келеді.
Шашыраңқы жұлдызды шоғырлардағы бас тізбектің жұлдыздары оларға дейінгі қашықтықты анықтауға мүмкіндік береді. Бір шоғырдағы барлық жұлдыз бізден бірдей қашықтықта болатындықтан, олардың көрінетін жұлдыздық шамалары мен түс көрсеткіштері бойынша Герцшпрунг — Рессель диаграммасын жасап және оны баршаға мәлім осы есімдегі диаграммамен салыстырып, қашықтық модулін анықтау жеткілікті.
Сфералық, эллипс, шар тәрізді шоғырлар
Шашыраңқы жұлдыздан басқа сфералық және эллипсоидалық пішінді жұлдыздар шоғырын шар тәрізді шоғырлар деп атайды. Бүгінде олардың 150-і белгілі. Олардың бәрі жай көзге көрінбейді. Өйткені бізден мыңдаған және ондаған мың парсекке қашық. Жай көзге шалынатын жалғыз, ең жақын, құралсыз көзге тұмандағы сияқтанып көрінетін Мерген шоқжұлдызындағы шар тәрізді жұлдыз шоғыры М 22-ге дейінгі қашықтық 2800 пк, ал белгілілердің ішіндегі ең алысынікі — 20 0000 пк-ке жуық. Сондықтан шағын телескопқа ең жарық шар тәрізді шоғырлардың өзі тұмандағыдай болып шалынады.
Шар тәрізді шоғырлар ондаған және жүздеген мың жұлдыздардан тұрады. Ал бұл шоғырлардың сызықтық өлшемдері 20-дан 100 пк-ке дейінгі аралықты алып жатыр. Сондықтан жұлдыздардың аса молдығына қарамастан, шоғырдағы олардың ара қашықтықтары мыңдаған астрономиялық бірлікпен өлшенеді. Шар тәрізді жұлдыздар шоғырларының құрамында қызыл алыптар мен айнымалы жұлдыздар-лиридтер көп. Олар бойынша шоғырға дейінгі қашықтық анықталады. Қызыл алыптардың көптігі шар тәрізді шоғырлардың жасы едәуір екенін аңғартады. Олардың неғұрлым жасамыстарының жас мөлшері 13-15 млрд жыл.
Шар тәрізді жұлдыз шоғырларының шашыраңқыдан айырмасы олар Құсжолы бойына орналаспаған. Олардың басым көпшілігі Мерген, Сарышаян және Жыланбектерген шоқжұлдыздары бағытында, яғни Құсжолының неғұрлым жарық және Галактика жұлдыздарының негізгі шоғырланған тұсы Мергеннің Үлкен жұлдыздық бұлты бар тұсында — жинақталған.
Жұлдыздар ассоциациясы
1947 жылы астрофизик В.А. Амбарцумян өзі жұлдыздар ассоциациясы деп атаған жұлдыздар тобының жаңа түрін ашқаннын хабарлады. Жұлдыздар ассоциациясының жұлдыздар шоғырынан айырмасы олар жұлдызды аспан реңкінен айрықша ерекшелігі жоқ шашыраңқы жұлдыздар тобы болып табылады. Жұлдыздар ассоциацияларын спектрлік ерекшеліктерді мұқият зерттеу нәтижесінде және жұлдыздардың өзіндік қозғалысы кезінде ғана аңғарып табуға болады.
Олар О және В спектрлік кластарындағы жарқырауы жоғары ыстық жұлдыздардан тұрады. Сондықтан оларды О — ассоциациялар деп жиі атайды. Әзірге тек 150 — ассоциация белгілі және олардың бәрі Құсжолына орналасқан. Олардағы жұлдыздар саны мейлінше әрқалай,15-тен 1000-ға дейін. Оларға дейінгі қашықтық 400-ден 2700 пк-ке дейін және кеңістіктегі орны 30-дан 200 пк-ке дейін.
Бір-бірінен елеулі ара қашықтықта болғандықтан ассоциациядағы жұлдыздар арасындағы гравитациялық өзара әрекет әлсіреген. Сондықтан олар бірте-бірте жойылады. Мұндай ассоциацияның болғанының өзі неғұрлым жас екенін көрсетеді. Ассоциациялардың ғұмыры бірнеше миллион жылға созылады. О — ассоциация мол газ-тозаң тұмандықтар бар Құсжолында болғандықтан, Амбарцумян мынадай түбегейлі тұжырым жасады:
Жұлдыздар топ-тобымен ассоциацияларды пайда болады. Жұлдыздың пайда болу процесі біздің заманымызда да өтіп жатыр.
Сонымен Галактикада зат мейлінше түрлі пішінде болады. Жалқы және еселі жұлдыз, жұлдыз шоғырына немесе жұлдыз ассоциациясына енетін жұлдыз. Галактиканың барлық массасының 98% -і жұлдыздардан тұрады. Ал газ бен тозаңның қосынды массасы бар болғаны 2%-і, оның үстіне газ-тозаңға қарағанда шамамен 100 есе көп.