Джеки Чан әлемге әйгілі актер және кинорежиссер

Джеки Чан әйгілі актер

Джеки Чан балалық шағы

Джеки Чан – әйгілі Америка мен Гонконг актері, каскадер, кинорежиссер, продюсер, сценарист, әнші. Шын есімі Чан Конг Санг екен. Бұл «Гонконгтен шыққан» деген мағынаны білдіреді.

 Ол 1954 жылы 7 сәуір күні Гонконгте тақыр кедей отбасында дүниеге келген. Джеки туыларда анасына кесар тілігін жасауға тура келді. Оған қажетті 200 АҚШ доллары қарапайым отбасы үшін өте үлкн қаражат болатын. Сондықтан әкесі жаңа туған Джекиді акушер-дәрігерге 26 долларға сатып кетпек болады. Дәрігер бұл ұсыныстан бас тартып, өзінің ақысын бөліп төлеуге келіседі.

Джеки Чанның айтуынша, оның өмір жолының қалыптасуына әсер еткен екі адам болған. Оның бірі әкесі болса, екіншісі ұстазы Ю Джим Юань еді. Әкесі жайында ол «Мен әкемнің жалғыз баласымын. Сондықтан болар, әкем тәрбиеме өте қатал қарады. Таң қылаң бере бастағанда-ақ әкем мені жұлқылап оятатын. Оятып алған соң кір жуатын жерге барып тастай суға жуынатынбыз. Судың суықтығы соншалықты – денем бүртік-бүртік болып тоңып қалатынмын» деп еске алады.

Джеки Чан бала кезінде
https://pikabu.ru

Алты жасында Гонконгті тастап кетеді

Алғашында ата-анасы Джекиді «Nah Hwa Primary Scoob» мектебіне оқуға береді. Өте толық болғандықтан қатарластары оны «ядро» деп мазақтайтын. Оның үстіне сабағы да онша болмады. Бір жылдан кейін сынақтан өте алмай, мектептен шығып қалады. Джеки алты жасқа толғанда ата-анасы Аустралиядағы Америка елшілігіне жұмысқа тұрып, сонда қоныс аударады.

 Ал кішкентай Джекиді Пекин операсының Гонконгтегі мектебіне оқуға береді. Бұл мектеп Джеки Чанның болашақ өмірінің қалыптасуына үлкен әсер етеді. Ғұмырына азық болатын ілімді Джеки осы жерден үйренеді. Тіпті оның актер боламын деген асыл арманы да осы жерден бастау алады. Себеі мұнда ән айтуды да, билеуді де, актерлік шеберлікті де, каскадерлікті де, кунг-фу тәсілдерін де үйренетін. 

Алты жасында ата-анасынан ажырап қалу оған оңай тиген жоқ. «Әр жексенбіде өзге балаларды әке-шешелері үйлеріне алып кететін. Ал мен жылап-жылап, жалғыз өзім ғана қалатынмын. Басында бұл жағдайға үйренісе алмай, жылай беретінмін. Пошта жәшігіне қарап, олардан хат күтетінмін. Бірақ олар хат жаза алмаушы еді. Ата-анам жексенбі күні ғана телефон шалатын. Бірте-бірте мен ата-анасыз өмір сүріге бейімделіп, уайымдауды доғардым» деп еске алады Джеки.

Он жасында 25 фильмге түсіп үлгереді

«Менің өміріме ерекше әсер еткен бірден-бір тұлға – ұстазым Ю Джим Юань. Егер Чан Конг Сангді әкем-шешем дүниеге әкелсе, Джеки Чанды өмірге әкелген – Ю Джим Юань» дейді ол өзі туралы естеліктерінде. «Мектепте тәртіп өте қатал болатын. Сабақ таңғы сағат бесте басталып, түннің бір уағында бір уағында аяқталатын. Мейрам күндері де таңғы бесте тұратын едік. Бізді таяқпен ұрып, қорқытып отты. Күнде «мұғалімдер ұрмаса екен» деп қана тілейтінбіз. Әлі есімді, бірде мұғалім маған «Үстелден-үстелге секір!» деп бұйырды. 

Секіре алмайтынымды айтқаным сол еді, таяқ жұмсақ жеріме сарт ете қалды. Қатты қорыққаным соншалық – үстелден-үстелге қалай секіріп кеткенімді өзім де білмей қалдым. Сабақ өте қиын, неше түрлі жаттығулар жасайтынбыз. Жаттығулардың қиындығы сондай – шыдай алмаған кей балалар мектептен қашып кететін. Қашу менің де ойымда болды. Бірақ қашқанмен қайда барамын?! Не қалтамда ақша жоқ, не баратын үйім жоқ» дейді актер.

Мектептегі қатаң тәртіп пен алған білімі зая кетпейді. Опера мектебі оның киноға каскадер болып орналасуына жол ашады. Сегіз жасында алғаш рет киноға түсіп, алғашқы гонорары – 12 долларды алады. Алайда Джекидің алғашқы бұл табысын әкесі кезіндегі кесар тілігін төлегені үшін ұстап қалады. Осылайша Джекидің кинодағы алғашқы қадамы сегіз жасында басталып, он жасында ірілі-ұсақты 25 фильмге түсіп үлгереді.

https://24smi.org

Джеки Чан деген есімді әкесінің досы берген

Джеки он алты жасында киностудияда каскадер болып жұмысқа орналасады. Бірақ көр ұзамай әкесі ұлын өзімен бірге Аустралияға алып кетеді. Онда ол қарапайым құрылысшы болып жұмысқа тұрады. Бірақ актер боламын деген асыл арманын бір сәтте есінен шығармайды. Бір жыл ақша жинаған соң Джеки Отанына қайта оралып, «Шоу Бразерс» киностудиясына каскадер болып жұмысқа тұрады. 

Сөйтіп, ол 1972 жылы «Кровавые пальцы» фильмінде алғашқы басты рөліне ие болады. Алайда бұл фильм Джеки Чанға атақ алып келе қоймайды. 1973 жылы «Кулак ярости» фильміне шақырылады. Онда басты рөлді атақты Брюс Ли ойнайтын еді. Сонда Джеки Чан басты трюкті орындап, атақты каскадер ретінде таныла бастайды. Сондай-ақ ол Брюс Ли түскен «Выход дракона» фильмінде тағы да қиын трюкті орындап, көрермен көңілінен шығады. Үнемі Брюс Ли картиналарында трюктерді орындап жүргендіктен жұрт Джеки Чанды «Брюс Лидің көлеңкесі» деп атайтын еді. 

Алайда Чанға «Брюс Лидің көлеңкесі» болу ұнамайтын. Әрине, «Брюс Лидің көлеңкесі» болу оған көп ақша әкеледі. Бірақ бұл жұмысына өзі қанағаттанбайтын. Себебі ол жеке бейнесі бар актер ретінде қалыптасқысы келетін.

Чан Конг Санг деген есімін Джеки деп өзгертуге әкесінің досы Джек ұсыныс жасайды. Өйткені олар үшін осылай атау жеңілірек болатын. Осылай ол Джеки Чан атанып кетеді.

https://24smi.org

Брюс Лимен бірге киноға түсу

1976 жылы ол әйгілі Джон Вудың алты фильміне түседі. Алайда бұл картиналар көрерменнің көңілінен шыға қойған жоқ. Мұндай сәтсіздіктерден беті қайтқан Джеки Чан әке-шешесінің жанына, Аустралияға қайтып келеді. Алайда бұл жерде де оның жолы болмай, түрлі қиындықтарға да төзе біледі. Сол уақыттарда ол күн көруі үшін құрылыс жұмыстарына да істеп, мейрамханаларда ыдыс жуып еді. Бірақ көп ұзамай Отанына қайта оралады. 

Онда белгілі режиссер Ло Веймен танысып, Ло Вей кинокомпаниясының белді актеріне айналады. 1976 жылы режиссер Ло Вей Брюс Ли басты рөлді сомдаған «Кулак ярости» фильмінің екіншісін түсіреді. Бірақ басты рөлді бұл жолы Брюс Ли емес, Джеки Чан ойнайды. Алайда бәрібір Брюс Лидей бола алмайтынына көз жетіп, қайтадан Аустралияға жол тартып, өзіне таныс құрылыс жұмысына кіріседі.

Джеки Чан әйгілі актер
https://www.segodnya.ua

Танымалдылық алып келген фильмдер

Джеки Чанның атағын әлемге әйгілі еткен фильмдердің бірі «Полицейская история» еді. Қауіпті трюктер мен төбелестің алуан түрлі қамтылған бұл фильмді көрермендер жақсы қабылдайды. Осы картинадан кейін Джеки Чанның атағы барша әлемге жайылады. Ал 1980 жылдардың ортасында Джеки өзінің «Алтын жол» кинокомпаниясын құрып, «Доспехи Бога», «Проект «А» — 2», «Драконы навсегда», «Полицейская история — 2» сынды әлемге әйгілі фильмдерін түсіреді.

 1994 жылы «Пьяный мастер — 2» фильмі жарыққа шығып, Джеки Чанның атағын тіпті аспандата түседі. Ал 1996 жылы «Новая линия» атты америкалық кинокомпания Джеки Чанның «Разборка в Бронксе» фильмін АҚШ-та көрсету құқығын сатып алады. Америкалықтар өте жоғары бағалап, фильм бір күннің ішінде 10 миллион доллар көлемінде табыс табады. Осылайша Американың кинонарығында Джеки Чанның жолы ашылады.

Каскадёр және әнші

Кинодағы қадамын каскадерліктен бастаған Джеки Чан актерлік өмірде де аса қауіпті трюктерді орындап, талай мәрте басын қатерге тігеді. Бұл жайында «Киноға түскен 52 жылдың ішінде сынбаған жерім қалмаған шығар. Омыртқам, мұрным, жамбасым, бас сүйегім, аяғым мен қолым да талай сынды. Тіпті көзімнен де айырылып қала жаздаған кездерім болды» деп еске алады актер. Джеки Чанды көрермендер дәл осы қарапайым адамдар бере бермейтін тәуекелі үшін жақсы көретін. Оның жасаған әрбір трюктері, қимылдары адамды бірде таңғалдырса, енді бірде юмор аралас қимылдары еріксіз езуге күлкі үйіретін.

 Сонымен қатар Джеки Чан – әнші. Ол көптеген киноларында әндерді өзі орындаған. Бірақ қалың жұрт Джеки Чанды әнші ретінде емес, әртіс ретінде таныды. Осыншалық қажырлы еңбегінің, қайтпас қайсарлығының арқасында Джеки Чан үлкен табыстарға қол жеткізіп, әлемдегі бай адамдардың қатарына қосылды. Балалық шағында жоқшылықтың тақсыретін тартқан Джеки ақшаның қадірін біледі. Ол ешқашан ысқырып қылып ақша шашқан емес. Тіпті қонақүйдегі қолданған сабынын да өзімен бірге ала кетеді. Бұл әрекетіне қарап оны сараң деп ойламау керек. Джеки Чан мұқтаж адамдарға көмек беруден ешқашан аянып қалған емес.