Ақпараттық технология – экономиканың қарқынды дамып жатқан салаларының бірі. Сандық шешімдер бізге күн өткен сайын мобильді әрі ыңғайлы бола бермек. Қазір әр отбасыда бір-бір ноутбук бар, жер бетінің әрбір екінші тұрғыны смартфон пайдаланады. Шамамен он жылдан кейін әр адамда өзара байланысты 5-6 құрылғыдан болуы мүмкін. Мысалы, ақылды көзілдіріктер, денсаулықты бақылауда ұстауға арналған биометриялық білезіктер, «ақылды» әмиян қызметіндегі смартфондар.
Ақпарат көлемінің артуына байланысты жаңа қауіпсіздік жүйелеріне, деректерді сүзу мен сақтауға деген қажеттілік артады. Алдағы 10 жылда құрылғы қолданушыларын дәл танитын жаңа технологиялар пайда болады, тіпті әр шертудің өзін қадағалап отыруға болады. Фантастикалық және тыңшылық фильмдерден көрген технологиялар енді өзіміздің өмірімізде көрініс табатын болады. Құрылғы қолданушыны енді саусақ іздері, көздің торлы қабатын сканерлеу арқылы ғана емес, ДНҚ талдауының көмегімен анықтайтын болады.
Сандық кеңістіктегі қоғам іс жүзінде мемлекеттің және биліктің тарапынан бақылауда болады. Адамдар арасындағы «сандық алшақтық» (компьютерлік сауаттылық деңгейіндегі) әлеуметтік жіктелудің жаңа түрін қалыптастырғандықтан, АКТ саласында жаппай оқыту бағдарламалары белең алады. Барлық жерде киберкеңістікті реттеп отыратын заңнама жұмыс істейді. «Электрондық үкімет» толық күшіне енеді және анағұрлым интерактивті болады.